Кедей екен деп зекетімді берген адамым, бай болып шықса, зекетті қайта беруім керек пе?
Кедей екен деп зекетімді берген адамым, бай болып шықса, зекетті қайта беруім керек пе?
10 ай бұрын 2005

Кедей екен деп зекет берген адамым, бай болып шықса, зекетті қайта беруім керек пе?

Бисмилләһир рахманир рахим

Кедей екен деп зекетін берген адамы бай болып шықса, қарайды:

1) Зекетін берместен бұрын жағдайын сұрастырса және танитындар оның кедей екендігін айтса немесе өзі қарастырып, ол адамның кедей болуы ықтимал деген ойы басым болса, яки, қайыр сұрап жүргенін көрсе, осындай қарастырудан кейін "кедей" деп топшылағаны кейіннен бай екендігі анықталса, берілген зекеті саналады, зекетін қайта берудің қажеті жоқ. Оның халі – қыбланы таппай, өз бетінше қарастырып, сұрастырып, артынан топшылаған жағына оқыған кісінің жағдайына ұқсайды, ол кісі құбыладан қателессе де намазы дұрыс, сол сияқты мұның да зекеті есептеледі.

2) Ал егер зекет берген адамының кедей екені жайында екі ойлы болса, алайда жағдайын сұрастырмай, қарастырмай зекетін бере салса, артынан оның байлар санатына жататындығы анықталса, зекетін қайта кедей кісіге беруі керек, алдынғы бергені нәпіл садақаға есептеледі.

3) Сондай-ақ, сұрастырмай және зекет беруге болатын адам ба, жоқ па дегенді ойға да алмай, ниет еткен адамына зекетін бере салса, кейіннен оның байлар санатына жататындығы анықталса, зекетін қайта береді, ал кедей екендігі анықталса, зекеті саналады[1].

Демек, аталмыш үш жағдайдың біріншісінде зекеті дұрыс, ал қалған екі жағдайда зекетті қайта беру керек. Және де зекет беретін адамының мұқтаж жан ба, жоқ па, алдымен анықтап алған дұрыс екен.

Ханафи мәзхабында бай санатына жататындар - асып-тасып жатпаса да, бірақ «негізгі қажеттіліктерінен» артылған нисаб мөлшеріне жететін дүние-мүлкі бар болса, ол бай санатына жатады. Ондай кісіге зекет берілмейді.

Абдусамат Қасым


[1] Әс-Сәмәнәқи: «Хизәнәтуль Муфтиин»; «әл-Фәтәуәл-Һиндия»; Имам Мұхаммед: «әл-Асл» т.б.