Намазда салауат айтқанда "сәйидинә" сөзін қосу бидғат па?
Намазда салауат айтқанда "сәйидинә" сөзін қосу бидғат па?
10 ай бұрын 3598

Әс сәләмуьаләйкум! Салауат айтқанда «сайидина» деп айтуға бола ма? Сәләфилер болса керек «бұл бидғат» дейді.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаз соңында салауатты оқыған кезде «сәйидинә» сөзін қосу бидғат емес, мәндүб, мұстахаб амал: «Аллаһуммә салли аля сәйидинә Мұхәммәдин уә алә әәли сәйидинә Мұхәммәд...». Оның «бидғат» емес екендігі жайында ғалымдардың көпшілігі айтқан, соның ішінде Ханафи, Шәфиғи және Мәлики мәзхабының ғалымдары бар.

«Сәйидинә» сөзін қосудың «бидғат» еместігіне қатысты хадистен де дәлел бар. Мәселен, сахаба Абдулла ибн Мәсъудтан мынадай риуаят жеткен:

عن عبد الله بن مسعود رضي الله عنه قال: "إِذَا صَلَّيْتُمْ عَلَى رسول الله صلى الله عليه وآله وسلم فَأَحْسِنُوا الصَّلاَةَ عَلَيْه؛ فَإِنَّكُمْ لَا تَدْرُونَ لَعَلَّ ذَلِكَ يُعْرَضُ عَلَيْه، قُولُوا: اللَّهُمَّ اجْعَلْ صَلَوَاتِكَ وَرَحْمَتَكَ وَبَرَكَاتِكَ عَلَى سَيِّدِ الْمُرْسَلِينَ، وَإِمَامِ الْمُتَّقِينَ، وَخَاتَمِ النَّبِيِّينَ، عَبْدِكَ وَرَسُولِكَ، إِمَامِ الْخَيْرِ، وَقَائِدِ الْخَيْرِ، وَرَسُولِ الرَّحْمَةِ، اللَّهُمَّ ابْعَثْهُ المقَام المحمود يَغْبِطُهُ بِهِ الأَوَّلُونَ وَالْآخِرُونَ" رواه ابن ماجه في "السنن"

«Қашан Алла елшісіне (с.а.у.) салауат айтар болсаңдар, салауатты көркем түрде айтыңдар. Сендер білмейсіңдер ғой, мүмкін ол салауатыңыз Алла елшісіне (с.а.у.) ұсынылатын шығар! Сондықтан да, былай деп айтыңдар: «Алләһуммәжъәл соләуәтикә уә рахмәтәкә уә бәракәтикә ъаля сәйидинә әл-мүрсәлин, уә имамиль мүттәқин, уә хотәмин нәбйин, ъабдикә уә расуликә, имәмиль хойр, уә қо-идиль хойр, уә рәсулир рахма. Аллаһуммәб-ъәсһуль-мәқомәль мәхмуд йәғбитуһу биһиль-әууәлунә уәл-әәхируун». (Ибн Мәжә, «Сүнән» келтірілген. Хадисші ғұлама, хадис ғылымында «Хафиз» атағын алған Моғолтай Бәкчари (рахимаһуллаһ) аталмыш хадиске «сахих» деп баға берген екен[1]).

Аталмыш дерекке қарағанда сахабалардың ішіндегі ең білгірлердің бірі Абдулла ибн Мәсъудтың (радияллаһу анһ) үйреткен салауат түріне «сәйидинә» сөзін қосып отыр. Егер бидғат болған болса, сахаба ол сөзді қоспас еді.

Шариғатта «Сахаба сөзі» делел болып табылады

Шариғатта «сахаба сөзі» үкім шығару үшін дәлел бола алады. Әсіресе, «ижтиһадқа» қатысы жоқ «тәуқифи» мәселелерде «сахаба сөзі» дәлел. Ханафи мәзхабының «Үкім шығару әдістемесінде» (усулуль фиқһ) сахаба сөзі – қиястан бұрын келеді. Бұл дегеніміз, қияс пен сахаба сөзі кереғар болып қалса, сахабаның сөзі алынады деген сөз[2].   

Ендеше, намаздағы салауат дұғасына «сәйидинә» сөзін қосып айту бидғат емес, шариғатта бар мәндүб сөз[3]. Оны қосып айтудың ағаттығы жоқ.  

Абдусамат Қасым


[1] Али Джұма, «Дәруль Ифтә».
[2] Уәһбәту Зухайли: «Усулуль Фиқһиль Исләми». 2/850 бет.
[3] وندب السيادة، لان زيادة الاخبار بالواقع عين سلوك الادب، فهو أفضل من تركه، ذكره الرملي الشافعي وغيره، (Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр»).