Балдың үшір зекеті беріле ме?
Балдың үшір зекеті беріле ме?
6 жыл бұрын 4408

Әссәләмуғалейкум! Бал арасынан үшір садақасы алына ма? Және қанша мөлшерде жылдық түскен балдан алынады? Және үшір садақасының үкімі қандай? Нұржан Күлшаев

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жер өнімдерінен алынатын зекет түрін «үшір» дейміз. «Үшір» - араб тілінде «онда бір» деген ұғымға саяды. Арабша түп нұсқасы – «ъушр عُشْرٌ». Жер өнімдерінің онда бір бөлігі мұқтаждарға таратылып берілетіндіктен «үшір зекеті» деп аталған.

Ханафи мәзхабында өзге жер өнімдері секілді балдан да үшір зекет беріледі. Аз болсын, көп болсын жиналған балдан онда бір үшір зекеті берілуі тиіс(1/10). Мысалы, ара өсіріп, бал жинаумен айналысатын омырташылар күндігіне 5 кг бал алатын болса, оның онда бірін (1/10) пақырға беруі керек. (Онда бір дегеніміз - 10%. Сонда 5 кг-ның он пайызы – 500 грамм болмақ).

Сахаба Абдулла ибн Амрдан риуат етілген хадисте былай делінген:

«Алла елшісі (с.у.а.) әселден онда бір үшір алатын»[1].

Сондай-ақ, Халифа Әзіреті Омар да бал жинаумен айналысатындардан үшір зекетін алғандығы риуаяттарда келтірілген.   

Балдың «нисаб мөлшері» бар ма?

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.у.) бойынша, балдың нисаб мөлшері жоқ. Аз болсын, көп болсын - алынған балдан 1/10 үшірі есептеліп, кедей кісіге беріледі.

(Оның шәкірті Имам Әбу Юсуф болса, балға да нисаб мөлшерін белгілеген. Оның тұжырымына қарағанда жиналған балдың құны 5 уәсқ бидайдың құнына жетпей (шамамен 653 кг) үшір берілмейді. Имам Мұхаммед балдың нисабын «5 фәрақ» деген. Шамамен 50 кг/л[2].  Имам Ханбалдің де өлшемі бойынша нисабы 144-160 ритл, яғни, 62-56 кг шамасында[3]).

Осы орайда мәлімет ретінде мына екі риуаятты да келтіре кетелік, Амар ибн Шуғайб есімді хадисші ғалымның атасынан (сахаба Абдулла ибн Амрдан) жеткізген риуаятында былай делінеді: «Пайғамбардың заманында (балдың үшірі) бал құйылған торсықтардан алынатын: әр он бөрдектен орташа бір бөрдек (үшір алынатын)»[4].

Тирмизидің хадистер жинағында Пайғамбарымыздың мынадай сөзі риуаят етілген: «Балдың әр бір он торсығынан бір торсық (үшір) алынады»[5]

Жылда бір рет беріле ме?

Бал - жер өнімдерінен саналатындықтан, «бір жыл толу» шарты қарастырылмайды. Әр алынған өнімнен онда бір (10%) үшірі (не оның ақшалай құны) пақырға берілуі ләзім.

Жұмсалған шығындар шегеріле ме?

Ханафи мәзхабында балдан үшір берерде жұмсалған шығындар есепке алынбайды.

(Дегенмен, бүгінде «жұмсалған шығындар шегеріліп, одан артылған мөлшерден үшір беріледі» деген ғалымдар бар)[6].


[1] Ибн Мәжә - №1824. Хасан-сахих.
[2] Мәрғинани: әл-Һидая – 1/278 бет.
[3] Қазіргі таңдағы ғұламалардан доктор Юсуф әл-Қардауи өзінің «Зекет фиқһы» (фиқһуз-зәкәт) атты кітабында Имам Әбу Юсуфтың тұжырымын құп көреді. Өйткені, бір Хадисте: «Бес уәсқтан азына садақа (зекет) жоқ» делінген. Фиқһуз зәкәт – 1/434 бет.
[4] Әл-Әмуәлу либни Зәнжәуиһ - №1607 хадис. Мүрсәл.
[5] Тирмизи, Сәнән: Сахаба Абдулла ибн Омардан риуаят етілген. Әлсіз хадис.
[6] Юсуф Қардауи: Фиқһуз зәкәт – 1/433 бет. 

Абдусамат Қасым