Әйел кісі зекетін күйеуіне бере ала ма?
Әйел кісі зекетін күйеуіне бере ала ма?
10 жыл бұрын 5814

Сәлеметсіздер ме! Зекетті жақын туысқа беруге бола ма? Немесе әйелі күйеуіне зекет бере ала ма? Сахих Бухари атты хадис кітабында: «Пайғамбарымыздан Зәйнап есімді әйел сақинасын күйеуіне беруге бола ма?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз рұқсат бергендігі айтылады. Осы жайында айта кетсеңіздер! ОҚО, Шымкент қаласынан Гүлнұр.

Сәлеметсіз бе! Қадірменді Гүлнұр, кісі зекетін туған-туыстары арасынан мына төмендегі топтарға бере алмайды:

1. Туған ата-анасына, ата-әжесіне, нағашы ата-әжесіне (Усул).

2. Өзінен тараған ұл-қыздарына, немерелеріне, шөбере-шөпшектеріне  (Фуруғ).    

3. Әйеліне, ал әйелі күйеуіне.

Мұның себебі – зекеттегі басты мақсат – тәмлик. Яғни, зекетке бөлген дүниесін, өзінің меншігінен шығарып, тиісті кісілердің иелігіне түбегейлі беру. Ал жоғарыда атап өткен кісілерге зекет берген кісі зекетін толықтай өзінің иелігінен шығарған болып есептелмейді. Оларға зекет беру – жанама түрде болса да, өз зекетін өзіне бергенмен тең.

Сондықтан да, әйелі өзінің күйеуіне зекетін бере алмайды. Себебі, ерлі-зайыптылар бір-бірінің дүниесін ортақ пайдаланады. Күйеуіне зекетін берген әйел де жанама түрде болса да, өз зекетін өзіне берген болып отыр. Ал қағида бойынша зекетін «толықтай өзінің иелігінен шығару»  қажет. Бұл Имам Ағзам Әбу Ханифаның (р.а.) тұжырымы.

Бірақ оның екі шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (р.а.) олай ойламайды. Олардың пәтуәсі бойынша әйел кісі өзінің пақыр күйеуіне зекетін бере алады. Себебі, сахаба Абдулла ибн Мәсғудтың жұбайы Зәйнәп Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Садақаны өзінің күйеуі мен үйіндегі жетімдерге берсе бола ма?»[1], – деп сұрайды.  Сонда Алла елшісі: «Оған екі сауап бар: бірі туыстық сауап. Екіншісі – садақаның сауабы», – дей келе күйеуіне садақасын бере алатынын айтқан[2].

Осы мәтіндегі «садақа» сөзін қос Имам «зекет» деп түсінген. Ал Әбу Ханифа және кейінгі буын Ханафи ғалымдары бұл жердегі «садақа» сөзін «нәпіл садақасы» деп отыр. Өйткені, әйел кісі өзінің балаларына зекет бермейді. Ал хадисте күйеуімен қоса, балалары да айтылған. Демек Пайғамбарымыз зекетті емес, садақаны күйеуі мен балаларына беруіне рұқсат еткен[3].

Жоғарыда сайып өткен топтардан өзге тұрмысы нашар туған-туыстарына, бауырларына, олардың ұл-қыздарына зекет беруге рұқсат. Тіпті бұларға берудің екі есе сауабы бар.

[1]Сахих Бухаридегі 1375-нөмерлі хадисте «жетім» сөзінің орнына «балалары» сөзі қолданған.
[2]Сахих Бухари: Китабуз зәкәт - №1466 хадис.
[3] Әл-Хидая – Китабуз Закат.; Әл-Биная – 3/469 бет.

Абдусамат Қасым