Тасаттық үшін шалынған құрбанның етін өзенге тастайды екен. Бұған не дейсіз? Сол дұрыс па?
Тасаттық үшін шалынған құрбанның етін өзенге тастайды екен. Бұған не дейсіз? Сол дұрыс па?
2 жыл бұрын 10206

Ассаламуғалейкум баршаңызға! Ұстаз, біздің ауылда «тасаттық» берген кезде Құрбан шалған малдың етін өзенге ағызып жібереді екен және бұл әдет бұрыннан бері істелініп келе жатыр. Бұл іске көз қарасыңыз қалай? Жалпы тасаттық тәртіптері қалай болу керек? Бұл жайында жазбаларыңызды таба алмадым? Нұрлыбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Тасаттық» деген, Құдайдан жаңбыр тілеу үшін атқарылатын діни рәсім. Мұны дінде «Жаңбыр сұрау дұғасы» немесе «Жаңбыр сұрау намазы» деп атайды. Арабшасы «истисқа» («жаңбыр сұрау»).

Сүннет бойынша «жаңбыр сұрау» дұғасын орындау тәртібі қысқаша келесідегідей:

Халық ауылдың сыртына шығып, жамағатпен екі рәкәғат «жаңбыр сұрау намазын» оқиды. Имам намазды дауыстап оқиды. Намаздан кейін имам тұрып жамағатқа қарап құтпа оқиды. Құтпадан соң қайта құбылаға қарап қолын жаяды да - Аллаға мадақ, салауат, және истиғфар келтіріп, артынан арнайы жаңбыр дұғаларын айтып, Құдайдан жаңбыр тілейді. Ал, жамағат «әмин» десіп дұғаға қосылып отырады[1]. Сүннет бойынша жаңбыр сұрау құлшылығында құрбандық шалу рәсімі қарастырылмаған. Қазақ халқында, тасаттық дәстүрі үшін Құран оқылып, құрбан шалынып жатады, мұның ағаттығы жоқ.

Ал енді тасаттық үшін шалынған құрбандықтың етін өзенге ағызып жіберу дұрыс па?

Тасаттық үшін шалынған құрбандықтың етін өзенге ағызып жіберу – үлкен әбес іс. Неге десеңіз:

Біріншіден – ысырап. Алла ысырапты харам еткен. Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» - деп бұйырады[2].  

Екіншіден - үлкен адасушылық. Өйткені шалынған құрбанның етін өзеңге ағызу - «жаңбыр сұрау» рәсімі сияқты діни бір құлшылыққа дінде негізі жоқ әлдебір істі кіріптар етушілік болып саналады, мұны дінде «бидғат» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің сахих бір хадисінде: «Бидғаттың бәрі – адасушылық. Ал, адасушылықтың бәрі – тозақы»[3] - деп ескертеді.

Үшіншіден – соқырсенімділік дер едім. Өйткені «құрбанның етін өзенге ағызса, жауын мол жауады» деу соқырсенімділіктен басқа ештеңе емес. Қазақта әдемі бір сөз бар: «Қазақ ырым етер, ырымы кейде қырын кетер» - деген. Бұл да сол қырын кеткен ырымдардың бірі десек артық айтқан болмаспыз.

Қорыта айтқанда, қазақ халқындағы «тасаттық» деп аталатын «жаңбыр тілеу» рәсімі діннен бастау алатын бір рәсім. Тасаттық рәсімінде намазбен қоса, Құран оқылып, құрбан шалынып жатады. Оның дінге терістігі жоқ. Бірақ шалынған құрбандықтың етін өзенге, суға ағызу немесе сол жерге тастап кету – ысырапшылық әрі харам іс. Одан да, ол етті мұқтаж бір отбасыға берген сауаптырақ. Немесе сол еттен ас пісіріп, халыққа ас берсе де қате емес. Алайда, адал сойылған малдың етін әлгіндей рәсуа ету - үлкен күнә.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Жаңбыр сұрау намазын оқу - Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің (рахимаһумулла) пәтуасы және өзге мәзхаб ғұламаларының тоқтамы. Ал Имам Ағзам Әбу Ханифа болса: «Жаңбыр сұрағанда тек дұға оқып, Құдайдан жаңбыр тілейді, жамағатпен намаз оқымайды, бірақ жеке оқыса болады» деген. (Имам Кәсәни: «Бәдәиъус санаиъу» - Истисқа; Имам Мұхаммед: «әл-Асл» - бәбу истисқа).
[2] Құран Кәрім: «әл-Аъраф» сүресі, 31 аят.
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №867 хадис.

Абдусамат Қасым