Құрбан шаларда кімнің атынан шалынатындығын айту шарт па?
Құрбан шаларда кімнің атынан шалынатындығын айту шарт па?
2 жыл бұрын 9272

Ассаламуғалайкум! Құрбан шалу барысында есім оқылуы шарт па?

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрбан шаларда кімнің атынан шалынатындығын айтқан абзалырақ. Мысалы, мархұм болған жақыныңыздың атынан құрбан шалғыңыз келсе: «Уа, Алла, осы құрбанды мархұм пәленше ұлы түгеншенің атынан қабыл ете гөр. Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар!» деп, бауыздайсыз. Немесе өзіңіздің атынан шалатын болсаңыз, малды бауыздар сәтте: «Уа, Алла, осы құрбанды менің және отбасымның атынан қабыл ете гөр. Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп шалсаңыз болады. Риуаяттарға қарағанда Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбанға екі қошқар шалады екен. Соның бірін шаларда: «"اللَّهُمَّ هَذَا عَنْ مُحَمَّدٍ، وَآلِ مُحَمَّدٍ" / Уа, Аллам! Мынау Мұхаммедтен және Мұхаммедтің отбасынан» дейді екен. Екіншісін шаларда: «"عَمَّنْ آمَنَ بِي وَصَدَّقَنِي مِنْ أُمَّتِي / Уа, Аллам! мынау үмбетімнің ішінен саған иман етіп, мені растаған кісінің атынан» дейтін болған1. 

Алайда, кімнің атынан шалынатындығын ауызша айтпай, тек іштей ниет етіп, «бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп сойсаңыз да жарайды, себебі бастысы - ниет. Осы тұрғыда өзі соймай, біреуге тапсырса, оған өкілеттілік берді деген сөз, олай болған жағдайда, мұның ниеті жеткілікті болып, союшы кісі де қосымша оның атынан екенін айтып шалуы шарт емес. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхмадулилләһи Раббиль аләмин! 


1Табарани, «Мұъжам»; Имам Маусули, «Мүснәд».

Абдусамат Қасым