Ассаламуғалейкум! Сұрақ қойсам деп едім. Құмар ойынынан ұтқан қаражатты, қажылық парызына қолданса бола ма? Рахмет. Диасбек.
Құмар ойынынан ұтқан қаражатпен қажылыққа баруға бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қажылыққа халал табыспен бару керек. Харам ақшамен барған адамның қажылығы Алланың құзырында қабыл емес, яғни, ондай қажылықтың сауабы да, Алланың жанында құны да болмайды. Бірақ, қажылық парызы өтелген боп саналып, мойныңыздан түседі дейді ғұламалар[1].
Бұған қатысты сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм былай деген:
فعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: "قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا خَرَجَ الرَّجُلُ حَاجًّا بِنَفَقَةٍ طَيِّبَةٍ، وَوَضَعَ رِجْلَهُ فِي الْغَرْزِ، فَنَادَى: لَبَّيْكَ اللَّهُمَّ لَبَّيْكَ، نَادَاهُ مُنَادٍ مِنَ السَّمَاءِ: لَبَّيْكَ وَسَعْدَيْكَ، زَادُكَ حَلَالٌ، وَرَاحِلَتُكَ حَلَالٌ، وَحَجُّكُ مَبْرُورٌ غَيْرُ مَأْزُورٍ، وَإِذَا خَرَجَ بِالنَّفَقَةِ الْخَبِيثَةِ، فَوَضَعَ رِجْلَهُ فِي الْغَرْزِ، فَنَادَى: لَبَّيْكَ، نَادَاهُ مُنَادٍ مِنَ السَّمَاءِ: لَا لَبَّيْكَ وَلَا سَعْدَيْكَ، زَادُكَ حَرَامٌ وَنَفَقَتُكَ حَرَامٌ، وَحَجُّكَ غَيْرُ مَبْرُورٍ» أخرجه الطبراني في الأوسط.
«Егер кісі таза напақамен (халал табыспен) қажылыққа аттанса, ол аяғын үзенгіге қойып: «Ләббәйк, Аллам. Ләббәйк» деп дауыстаған сәтінде, көктен бір дауыстаушы (періште): «Саған да, ләббәйк болсын және амандық-саулықта болғын (бір Алла панаң болсын)! Жүгің (напақаң) - халал. Мінісің - халал. Қажылығың - қабыл, күнә араласпаған» - деп дауыстайды. Алайда, кісі харам напақамен шықса, аяғын үзенгіге қойып (жолға аттанып): «Ләббәйк, Аллам» деп дауыстаған сәтінде, көктегі бір дауыстаушы (періште) оған: «Саған ләббәйк та, саъдәйк те болмасын (қош келмедің)! Жүгің – харам. Нәпақаң – харам. Ал қажылығың – қабыл емес» деп дауыстайды»[2].
Қажылыққа баруды ниет еткен мұсылман ең алдымен мына талаптарға маңыз аударғаны дұрыс:
1. Шын ықылас. Тек Алланың ризалығы үшін қажылық парызын орындауға ниет ету. Алланың үйіне зиярат етуге бара жатырмын деген сезімде болу.
2. Халал табыс. Қажылыққа таза жолмен табылған қаражатпен бару шарт.
3. Құл ақысы. Мойнында біреудің қарызы болса өтеп, ақысы болса кешірімін алғаны ұнамды.
4. Қазаға қалған намаз бен оразасы болса, оларды өтеп алғаны абзал (бірақ, қажылыққа баруға кедергі емес).
5. Қажылық сапары бойынша, бос әрі жаман сөздерден аузын тыйып, теріс пиғыл мен күнә әрекеттерден ұзақ тұруы тиіс.
6. Қажылық парызын барлық шарт-талаптарына сай орындауға тырысуы ләзім.
[1] Ибн Нужейм: әл-Бәхрур Раиқ. 2/541 бет.
[2] Имам Табарани: әл-Әусат.