Қайтыс болған атамның атынан қажылық парызын өтеуге бола ма?
Қайтыс болған атамның атынан қажылық парызын өтеуге бола ма?
3 ай бұрын 4045

Марқүм атамды қажы қыла аламынба

Құрметті сауал жолдаушы, қайтыс болған кісінің атынан қажылық парызын өтеуге рұқсат және атқарылған қажылық мархұмның атына жазылады[1]. Өйткені, риуаяттарға қарағанда «Жүһәйнә» тайпасынан бір әйел Пайғамбарымызға (с.у.а.) келіп:

-Уа, Расулаллаһ! Менің анам қажылық жасаймын деп нәзір еткен еді (атаған еді). Бірақ, қайтыс болып кетті. Оның орнына қажылық парызын орындай аламын ба?» - деп сұрайды.

- Иә. Оның орнына қажылық жаса. Егер, анаңның өтелмеген қарызы болса, оны өтейтін едің ғой, солай ма? Алланың қарызы өтелуге лайығырақ», - деп жауап береді Алла елшісі[2].

Сондықтан да, бақилық болып кеткен атаңыздың атынан қажылық парызын өтеймін десеңіз, ондай мүмкіндік дінімізде қарастырылған. Қажылық рәсімін бастамастан бұрын ихрамға кіретін сәтте: «Пәленшенің атынан ихрам кидім, пәленшенің атынан тәлбие айттым» деп, мархұмның атынан қажылық өтейтіндігіне іштей ниет етуі керек.

Осы мәселеге байланысты мынаны да мәлімет ретінде айта кетелік: Қажылық рәсімін өтеуге күші жетіп тұрған кісі, қажылық парызын өтемей тұрып дәм-тұзы таусылса, өлмей тұрып өзінің орнына қажылығын өтейтін бір мұсылманды жіберуді өсиет етіп кетуі керек. Егер, өсиет етпесе күнәһар болады. Өсиет қалдырған жағдайда, қалдырған мал-дүниесінің үште бірі өсиетін орындауға жұмсалады. (Қажылық орындаушы, қажылыққа өсиет етушінің тұрған жерінен аттанады). Ал, қалдырған мал-дүниесінің үште бірі қажылыққа біреуді жолдауға жетіп тұрса да, жақындары өсиетін орындамаса, Алланың алдында жауапты болады.

Алайда, мархұм ондай өсиет қалдырмаса мұрагерлер оның атынан қажылық парызын өтеуге немесе өзге біреуді оның атынан қажылыққа жолдауға міндетті емес. Бірақ, өсиет қалдырмаса да мұрагерлер өз қаражаттарымен мархұмның атынан қажылық өтеу үшін біреуді жіберсе немесе сол мақсатта өздерінің бірі қажылық рәсімін орындап қайтса, Алланың қалауымен мархұмның атынан есептеледі[3].


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус санаиъу». 3/291 бет.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Ахмед: «Мүснәд»; Имам Бәйһақи, Табарани т.б. риуаят еткен.
[3] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр». 4/15 бет.

Абдусамат Қасым