Қабір басына барып, мал сойып, ас беруге бола ма?
Қабір басына барып, мал сойып, ас беруге бола ма?
10 жыл бұрын 19165

Әссәләмуғалейкум! Бір кісі айтады: «Ата-бабамның басына барып, мал сойып, ас беруге бола ма? Оның басында малды сойғанда, Алла разылығы үшін соямын. Және ешкімге де табынбаймын, қабірдегілерден сұрамаймын. Сол жердің табиғаты - әдемі. Ауасы - таза. Таза ауада демалып қайтамын. Қайтқан кісілерге құран да бағыштаймыз» - дейді. Осы сұраққа жауап берсеңіз? Қабір басына барып ас беруге, мал союға бола ма дейді?

Нұрлыбек.

Уағалейкум әссәләм, Нұрлыбек! Шамасы келген кісі өлген кісіге сауабы тисін деген мақсатта мал сойып, етін кедейлерге таратып, немесе етін пісіріп адамдарға ас берсе, онысы - сауап болады әрине. Бірақ, Алла ризалығы үшін болса-дағы, дәл қабір басына барып, мал сою - «мәкрүһ» саналған (харамға жақын). Себебі, Әбу Дәуіттің хадистер жинағында келтірілген бір риауятта Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Исламда -  ғақр  ету жоқ», - дейді. Ғақр деп – қабір басына барып, мал союды айтады.  Демек, хадистегі «Исламда - ғақр ету жоқ» деген сөзді, қазақшаға: «Исламда – қабір басында мал сою деген нәрсе жоқ», - деп аударсақ болады. 

Хадис ғұламасы Әбу Дәуіт осы хадисті келтіргеннен соң сөзін былай жалғастырады: «(Хадисті жеткізушілердің арасындағы) Абдурраззақ (есімді рауидің) айтуынша, бұрындары арабтар қабір басында сиыр немесе қой соятын (ғақр ететін)»[1].  

(«Ғақр» сөзінің түпкі мағынасы – түйенің аяғын тіке тұрған күйі  шабу (не кесу) дегенді білдірсе, кейіннен «құрбан шалу» әрекеті үшін қолданылып кетті, -  дейді мамандар).

Деректерге сүйенсек, Ислам келмей тұрып, араб қоғамында өмірде жомарттығымен танылған кісінің қабірінің басына барып, құрбандыққа түйе шалынатын. Ондағы мақсат – тірі кезінде жомарттығымен танымал адам түйе сойып, елге ас берген болса, өлгеннен кейін құрмет ретінде қабірінің басында түйе сойылады. Етінен ит-құс жейтін болады. Осылайша, тірі кезіндегі ас беру әдеті, өлгеннен кейін де жалғасын таппақ.

Кейбір арабтар, бұл рәсімнің астарындағы пәлсәпаны былай деп те түсіндірген: Өлген кісінің артта қалған түйесін қабір басына апарып сойсақ, қиямет күні ол адам түйесіне мінген күйі тіріледі. Түйесі құрбандыққа шалынбаған жағдайда, мінер көлігі жоқ, о дүниеде жаяу болады[2]. Ислам келгеннен кейін, Пайғамбарымыз (с.а.у.) халық арасында әдетке айналған аталмыш рәсімді тоқтатты.


[1] Әбу Дәуіт, әс-сүнән. Китабуль Жәнаиз. №3220 хадис.
[2] Ъаунуль Маъбуд, Әбу Дәуід сүнәнінің шархы. №3220 хадис түсіндірмесі. 

Абдусамат Қасым