Бір мал құдайы атап қойған едім, қай уақытқа дейін шалу керек?
Бір мал құдайы атап қойған едім, қай уақытқа дейін шалу керек?
4 жыл бұрын 9671

Ассаләмуғалейкум уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Мысалы, бір мал құдайы атап қойса, кейін қанша мерзімде беру керек?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта өзіне міндет болмаған әлдебір құлшылық түрін Алла ризалығы үшін орындайтындығын айтып, өзіне міндетті қылып алуды «нәзір» дейді. Нәзір – Аллаға уәде беру деген сөз. Мысалы, Алла үшін бір құрбан шаламын, Алла үшін пәлен күн ораза ұстаймын, Алла үшін пәлен рәкәғат оқимын, сырқаттан айығып кетсем, бір мал құрбан шаламын т.б. дегені сияқты.

Дінімізде атаған нәзірін орындау уәжіп саналады. Құран Кәрімде Алла Тағала пейіштік адамдарды сипаттай келе: «Олар нәзірлерін орындайды...» - дейді[1].  

Тағы бір аятта: «Мүміндер атаған нәзірлерін орындасын» - деп бұйырады[2].

Ал, енді, сіз «бір мал құдайы» атаған екенсіз, оны да "нәзір құрбан" ретінде есептеуге болады. «Пәлен күні шаламын» деп уақыты белгіленбегендіктен, өмірде әйтеуір шалсаңыз нәзіріңізді орындаған боласыз. Алайда, кім қанша өмір кешетіні белгісіз, сол себепті, мүмкіндік бола салысымен шалып, ертерек міндеттен құтылған жақсы.

Осы тұрғыда ескеретін маңызды нәрсе: нәзір еткен құрбанның етін өзі және жанұясы жемеуі керек. Сондықтан да, атаған құдайы малыңызды шалғаннан кейін етін өздеріңіз жемей, мұқтаж, тұрмысы төмен отбасыға апарып берген жөн.

Кейде біздің елде нәзір етпей, әлдебір болған іске орай мал сойып, құдайы тамақ таратып жатады. Мысалы, жол апатына ұшыраса, ауырса, жаман түс көрсе т.б. Ол нәзірге жатпайды. Сол себепті, ондай құрбандық - нәпіл құрбандық қатарынан саналатындықтан, оны өзі және жанұясы жей береді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «Инсан» сүресі, 7 аят.
[2] Құран Кәрім: «Хаж» сүресі, 29 аят.

Абдусамат Қасым