Осы дүниедегі шарап пен жәннәттағы шараптың айырмашылығы бар ма?
Осы дүниедегі шарап пен жәннәттағы шараптың айырмашылығы бар ма?
4 жыл бұрын 10068

Ассаләмуғалейкум! Неге Алла Тағала бұ дүниеде шарапты харам етіп, о дүниеде, яғни, пейіште шарапқа рұқсат берген?  Аяттағы қандай сусын? Неге арақ деп аударылған? Біреулер «шарап» дегенді «арақ» деп аударып алып, «пейіште арақ-шарап» ішеді екен деп, мазақ қылып жатыр. Нұрхан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, пейіште «арақ» сияқты алкогольді ішімдіктер болмайды. Сондықтан да, Құран аяттарындағы «пейіште шарап беріледі» деген сөзге қарап, ол жақта да арақ беріледі екен деп түсіну қате.

Құран Кәрімде пейіштегілерге «хамр» атты жүзімнен жасалған шараптың берілетіндігі айтылады, ол рас. Бірақ, оны осы дүниедегі шараппен шатастырмау керек. Екеуінің арасындағы айырмашылық – жер мен көктей. Алла Тағала пейіштегі шараптың қандай боларын, әрі оның бұ дүниедегі шараптан айырмашылығын Құран Кәрімде ашық баян еткен. Мәселен:

  1. Пейіштегі шараптар мас қылмайды, әрі басты ауыртпайды. Бұған қатысты Құранда былай делінеді: «Ол шарапта бас ауыртушы ерекшелік жоқ, әрі олар одан мас болмайды». («Саффат» сүресі, 47 аят).
  2.  Пейіштегі шараптардың дәмі тіл үйірердей тәтті болады. Құранда ол былай сипатталған: «Пейіште... дәмі өзгермейтін сүттен өзендер бар. Және де ішкен адамдардың тілін үйірер тәп-тәтті шараптан өзендер бар...».  (Құран Кәрім, «Мұхаммед» сүресі, 15 аят).
  3. Пейіштегі шараптың түсі сүттен де ақ. «Түсі аппақ. Ішкен адамдарға тәп-тәтті...». («Саффат», 46 аят).

Демек, пейіштегі шарап - адамға еш зияны тимейтін, мас етер сипаты жоқ, қайта сіңімді, жағымды сипатта болады екен. Сондықтан да, оны - бұ дүниедегі мас қылатын, әрі залалды ішімдіктермен шатастырмау керек. Екеуі екі түрлі нәрсе. Мәліметтерде келтірілген риуаятта, сахаба Абдулла ибн Аббас пейіштегі мен бұ дүниедегі шараптың айырмашылығына тоқтала келе, былай деп өткен:

«Осы дүниедегі шараптың төрт кесірі бар: Мас қылады. Басты ауыртады. Құстырады. Зәр сындырғызады. Алла Тағала пейіштегі шараптан хабар бере отырып, оның аталмыш кесірлерден ада екендігін білдірді».

Неге Құранда «шарап» деп айтылуда?

Шарап - тілдік мағынада "сусын" деген сөз. Ол араб тіліндегі «шараба» - ішу етістігінен шыққан. Ал, қолданыстағы мағынада шарап - алкогольды ішімдікті білдіреді. Вино. Оны араб тілінде "Хамр" деп атайды. Дәлірек айтқанда, Хамр - жүзімнен немесе құрмадан ашытылып жасалған шарап (вино).

Неге пейіште дәл «хамр» шарабының берілетіндігі айтылған?

Оны түсіну үшін, Исламның алғашқы жылдарындағы араб қоғамына зер салу керек.

Ислам діні келгенде араб қоғамында шарап ішу кең етек алған үрдіс еді. Әсіресе, шарапқұмарлардың сүйсіне ішетін шарабы – жүзімнен жасалған «хамр» деп аталатын шарап тұғын. Алайда, Алла Тағала оларға бірден ішімдік ішуді доғаруын бұйырмады. Алғашында намаз оқитын кезде ішпеуді айтты. Мас кезде намаз оқуға болмайды деді т.б. осылай әсте-әсте тыйып отырды. 

Сондай бір қоғамға пейіштегі шарап жайында айтылуы - негізінен алып қарағанда, енді Исламға кіріп жатқан шарапқұмар мұсылмандар үшін бір ескерту еді. Қандай ескерту?

Алла Тағала оларға: «пейіште де хамр шарабы бар, бірақ ол мынадай және анадай сипатта» деп пейіштегі шараптың сипаттамасын бере отырып, астарында: олардың бұ дүниеде ішіп жүрген шарабының негізінен алып қарағанда Аллаға ұнамсыз, жаман ішімдік екендігін білдірген болды. Пейіште берілер шараптың сипаттамасын Құран аяттарынан оқыған мұсылмандар, әдетте ішіп жүрген шараптарының Аллаға ұнамайтындығын бірден ұқты. Осылайша, олар психологиялық тұрғыда «ішімдікті харам» дейтін тыйымға дайын болды. Пейіште шараптың да берілетіндігін айтудағы бір себеп сол.  

Пейіштегіні "шарап" деп атамай, жалпы «сусын» деп айта салса да болар еді, бірақ естушіге ол сөз көп ой салмайтын еді. Сондықтан да Алла Тағала астарлап: «пейіште де хамр шарабы бар, бірақ ол сендердің ішіп жүрген шараптарыңдағы жағымсыз сипаттардан ада» дей келе, алкогольді шарап ішудің Исламда құпталмайтын әрекет екендігін астарлап ұғындырып отырды. Ақыр соңында «Ей иман еткендер! Шынында хамр-шарап және құмар ойыны, сондай-ақ, пұтқа табыну мен бал ашу – лас нәрселер. Бұлар - шайтанның істерінен», - деп, осы дүниедегі мас ететін шараптарды ішуден түбегейлі тыйды.

Қорыта айтқанда, осы дүниедегі шараптар мен пейіште берілетін шараптардың айырмашылығы - жер мен көктей. Ондағы шараптың қандай сипатта боларын Алла Тағала Құран Кәрімде ашық баян еткен. Ол жайында айтып өттік. Сондықтан да, оны алкогольді арақ-шараппен шатастырмау керек.  

Абдусамат Қасым