Арапа күні жұмаға сай келеді екен, ораза ұстауға бола ма?
Арапа күні жұмаға сай келеді екен, ораза ұстауға бола ма?
10 жыл бұрын 23606

Ассаламуғалейкум!  Арапа күні жұмаға келіп тұр. Осы күні ораза ұстау мәселесі қалай болады? Алмас 

Уағалейкумсалам! Тек жұма күні ораза ұстаудың үкімі – жеңіл мәкрүһ. Хадисте айтылғандай «Сендерден ешкім тек жұма күні ораза ұстамасын, бірақ одан кейін бір күн немесе оған дейін бір күн қосып ұстайтын болса, ол басқа»[1], - деген Пайғамбарымыз (с.а.у.).

Алайда, ораза ұстауды әдетке айналдырған күндерінің бірі жұмаға сәйкес келіп қалған жағдайда, оны оразамен өткізуі мәкрүһ емес, рұқсат болады. Мысалы, әлдекімнің жылда оразамен өткізуді әдетке айналдырған арапа күні жұмаға сайкес келіп жатса, ол кісіге әлгі оразасын ұстауына рұқсат. Оған қосымша тағы бір күн ауыз бекіту керек емес.  

Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Жұма түнін өзге түннен ерекше етіп, ғибадатпен өткізбеңдер. Және жұманың күндізінде өзге күндерден еркеше етіп, ораза ұстамаңдар. Бірақ егер ол ұстап жүрген оразасы болса (әдетке айналдырған), онда рұқсат»[2]

ЕСКЕРТУ: Арапа күні ораза ұстау – кіші күнәларымыздың кешірілуіне себеп болады. Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...»[3], - деген.

[1] Сахих Бухари: Китабус саум – бәбу сауми иәумил жумъа.
[2] Сахих Муслим.; Фатхул бари.
[3] Сахих Муслим, Саум – 1162 хадис. Имам Науауи шархы.

Абдусамат Қасым