Шәууәл айында қазамды өтеймін бе, әлде нәпілді ме?
Шәууәл айында қазамды өтеймін бе, әлде нәпілді ме?
11 жыл бұрын 12168

Сәлеметсіз бе? Ораза қабыл болсын! Мен 10 шақты жылдан бері ораза ұстаймын. Бұрын оразадағы хайыз кездегі қарыз күндерімді бөлек өтеп жүргенмін. Енді 2-3 жылдан бері шәууәл айында 6 күн ораза ұстап қарыздарым да сол күндердің ішінде деп ниет етіп жүрмін, себебі солай істеуге болады деп оқығанмын бір жерден. Сол дұрыс па? Анығын айтып берсеңіздер. Рахмет. Айгерім 

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Дін мамандары арасында бұған қатысты екі ұдай пікір бар. Бірінде, екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан, бөлек-бөлек ұстау керек дейді. Осыған орай, оразадан қарызы бар жандар әуелі қазасын өтеп алып, содан кейін шәууәл оразасын ұстайды[1].

Екініші пікірдегі ғұламалардың пайымынша, шәууәл айында қаза оразаларын өтеген кісіге сол айдағы алты күн оразаның  да сауабы жазылады.Тек ниет еткенде шәууәл оразасын деп емес, қаза оразаға ниет ету керек. Оның өтеген қаза оразалары шәууәл айында өтелетіндіктен, оған да қосымша бір жылдық сауап жазылады. Өйткені, Пайғамбарымыздың «Кім рамазан айының оразасын ұстап, оған қосымша шәууәл айында алты күн қосар болса ол бір жыл ораза ұстаған сияқты болады», [2] – деген хадисінде жалпылама оразаға ниет етуді айтуда.  Ендеше, хадистің айтпағы: Қандай да бір оразаға осы айда ниет еткен кісі бір жыл ораза ұстағанның сауабын алады[3].

Екі пікірді түйіндей келе айтарымыз, ораза ұстау арқылы сауабын еселеп алғысы келген кісі екі оразаны екі бөлек өтегені жөн. Себебі, қаншалықты көп ораза ұстаған болсақ, соншалықты сауабы да мол болмақ.

Әйткенмен де, шәууәл айында тек қаза оразамды ғана ұстаймын деушілерге, қаза оразалары шәууәл айында өтелетіндіктен, оған да қосымша сауап жазылады деген үміттеміз.

Осы тұрғыда мынаны ескерген жөн, қаза оразалары алты күнге жетпейтін кісілер, кем күндерін қосымша нәпіл оразамен толықтырғаны жақсы.   

[1] http://fatwa.islamweb.net/fatwa
[2] Әбу Дәуід; Ибн Мәжә.; Муслим
[3] Проф. Доктор Али Жұма, әл-Баян – 290 бет. 2005ж. Каир. 

Абдусамат Қасым