Рамазанда шайтандар кісендеулі болса, адамдар неге күнә жасайды?
Рамазанда шайтандар кісендеулі болса, адамдар неге күнә жасайды?
6 жыл бұрын 27912

Әссәләмуғалейкум! Рамазан айында шайтандар кісенделеді дейді ғой. Бірақ кейде күнәлі ойлар келеді. Қазірдің өзінде бес уақытқа деп бекінгеннің өзінде кейін бастасам ба деген ойлар келеді. Ол неден ойлар, егер шайтан кісенде болса? Мұстафа.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Рамазан айында шайтан атаулының бәрі дерлігі кісенделмей, тек «мәрәдату шаятин», яғни, жауыз, бір беткей залымдары ғана кісенделеді. Тирмизидің хадис кітабында келтірілген хадисте былай делінген:

إِذَا كَانَ أَوَّلُ لَيْلَةٍ مِنْ شَهْرِ رَمَضَانَ ، صُفِّدَتِ الشَّيَاطِينُ وَمَرَدَةُ الْجِنِّ

Мағынасы: «Рамазан айының әуелгі түні болғанда, шайтандар және жындардың бір беткей жауыздары кісенделеді»[1].

Ал, қалған жын-шайтандар байланбайды дейді ғалымдар. Мысалы, әр адамның ішіндегі жаман ой салушы «қарин» атты жын байланбайды.

Және жоғарыда келтіріп өткен хадистегі «суффидәт» сөзін «кісенделеді» деп аударсақ: шайтандардың аяқ-қолдары кісендеулі болғанымен, еркіндікте болулары ықтимал. Яғни, олар әлде де азғыра алатындай күште. Әсіресе, жаман істерден тыйылмай өздеріне жақын жүрген теріс жолдағы пенделерді Рамазан айында болса да оңай азғырады. Бірақ, ораза ұстап, күнадан сақтанып жүретіндерге тигізер зияны басқа айлардағыдай емес, аз. Ендеше, ораза ұстап жүрсек те әлсін-әлсін азғырынды ойлардың туындап отыруын сонымен байланыстырсақ болады.  

Бұнымен қатар, адамды күнәға бастайтын тек шайтан ғана десек қателесеміз. Адамды күнәға итермелейтін бірнеше факторлар бар. Соның бірі адамның іштегі «нәфсуль әммарасын»  атауға болады - Жамандыққа бұйыратын нәпсі[2]. Бұл - адам баласын түрлі күнәлі істерге итермелеп, содан рақат табатын нәпсі. «Әммәра» сөзі – көп әмір етуші, үнемі бұйырып тұрушы деген мағыналарға саяды. Сондықтан да, Рамазан айында шайтан байлаулы деген күннің өзінде, ораза ұстамайтын адамды іштегі нәпсісі түрлі харам істерді жасауға итермелеуі мүмкін.

Енді, сіздің намазға деген екі-ойлылығыңыздың неден туындап отырғанын дөп басып айту қиын. Әйтсе де, ондай ойды ақыл мен ар-ожданыңызға жендіріп, бес парыздың бірі намазды бірден бастап кеткеніңіз жөн. 


[1] Тимизи: Сүнән – Китабус саум. №617
[2] Юсуф сүресі, 53 аят. 

Абдусамат Қасым