Қадір түнінің Рамазанның 27-не болатыны хадистерде айтылған ба, жоқ әлде болжам ба?
Қадір түнінің Рамазанның 27-не болатыны хадистерде айтылған ба, жоқ әлде болжам ба?
9 жыл бұрын 16247

Ассаламуғалейкум! Қадір түні биыл, шілденің 13-14 қараған түні дейді (2015 ж.), яғни, бүгін, рамазан айының жиырма жетісінде. Бұл нақты ма, әлде, тек, болжам ба? Осы жайында хадистен, аяттан айтып кетсеңіз!

Батырбек Нұрмағанбетов.

Уағалейкум әссәләм! Қадір түні қай түні келетіні жайында ғалымдар арасында әртүрлі тұжырым айтылған. Бірақ, көпшілік ғұламалардың тоқтамы бойынша, қадір түні - рамазан айының 27-ші түні. Өйткені, Ахмәд ибн Хәнбәлдің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта Алланың елшісі (с.а.у.) былай деген: «Қадір түнін іздестірген кісі оны жиырма жетісінің түнінде іздестірсін».[1]Хадистің  дәрежесі - «сахих».  Сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген.  

Бұнымен қатар «Сахих Муслимде» келген риуаятта сахаба Үбәй ибн Кәъбтің мынадай бір сөзі бар:

«Аллаға ант етейін, одан басқа құдай жоқ, қадір түні - Рамазан айында. Аллаға ант етейін, оның қай түні болатынын мен білемін. Ол түнді Алла  елшісі құлшылықпен өткізуімізді бұйырған. Ол түн – жиырма жетісіндегі көркем түні болмақ. Оның белгісі: қадір түні болатын күні күн шуақсыз әппақ болып туады»[2].  


[1] Ахмәд ибн Ханбәл - №4793.
[2] Сахих Муслим, Китабус салатиль Мусафирин. №1278 хадис.

Абдусамат Қасым