Қадір түнін күтем деп, қанша ниет етіп отырсам да ұйықтап кетіппін. Сауабынан мақұрым қалдым ба?
Қадір түнін күтем деп, қанша ниет етіп отырсам да ұйықтап кетіппін. Сауабынан мақұрым қалдым ба?
6 жыл бұрын 8645

Ассаляму алейкум! Сұрағым келгені, қасиетті қадір түнін қанша уақыт күтіп, ниет етіп жүрген едім, кеше дұға оқып отырып ұйықтап кетіппін. Таң намазына да үлгермедім. Соған жүрегім бір түрлі, көңілімді өкініш билеп жатыр. Сондай кезде не істесе болады? Және таң намазында ұйықтап қалса қалай орнын толтыруға болады? Раxмет. Жазира.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм өзінің хадис-и шәрифының бірінде былай деген:

مَن أتى فراشَه وَهوَ ينوي أن يقومَ يصلِّي منَ اللَّيلِ ، فغلَبتهُ عيناهُ حتَّى أصبحَ كُتِبَ لَه ما نَوى وَكانَ نومُهُ صدقةً عليهِ من ربِّهِ ، عزَّ وجلَّ

«Кімде-кім төсегіне жатарда түнде тұрып намаз оқимын деген ниетпен жатса, алайда ұйқысы жеңіп таңға дейін ояна алмаса, оған ниет еткен нəрсесі жазылады. Жəне де ұйқысы ол үшін Раббысынан бір садақа саналады»[1].

Ендеше, сіздің ықылас-жігеріңізге қарай Жаратушы Иеміз «Қадір түнін құлшылықпен өткізді» деп жазып қояды деуге негіз бар. Тіпті, ізгі ниетіңіз үшін мұндайда ұйқыңыздың өзі садақаға саналады екен.

Бұнымен қатар, алда әлі бірнеше күніміз бар. Сол күндерді де Қадір түні санап, түннің бір бөлігін құлшылыққа арнап отырсаңыз, кешегі күнді жіберіп алғандағы өкінішіңіздің орнын толтыруға болады.

Таң намазын оқи алмаған мұсылман, күн шығып, найза бойы көтерілгеннен бастап (шамамен 20 минут), қазасын өтей беруіне болады. Мұндайда, сол күннің зәуәл уақытысына шейін (шамамен бесінге 20-30 мин қалған уақыт) өтейтін кісі сүннетімен қосып өтейді. Ал сол күнгі бесін уақыты кіргеннен былайғы уақыттарда өтейтін болсаңыз, тек парызы өтеледі.

Уақытысында оқылмаған намаздың орнын, тек қазасын өтеу арқылы ғана толтыруға болады.

Алла сауаптан жазғай!


[1] Ән-Нәсәи. Әбу Дәрдадан жеткен. Сахих хадис; Ибн Мәжә.

Абдусамат Қасым