Оразада боқтык сөз айтып, біреумен ұрыссам оразам бұзыла ма?
Оразада боқтык сөз айтып, біреумен ұрыссам оразам бұзыла ма?
7 жыл бұрын 73925

Әссәләмуғалейкум! Оразада боқтап, біреулермен ұрыссам, төбелессем ораза бұзыла ма?  Анон.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде былай деген: 

«Қанша ораза ұстаушылар бар. Олардың оразадан алар үлесі тек күні бойы аш жүру ғана (сауаптан мақрум). Және қанша түнде тұрып намаз оқитындар бар. Олардың алар үлесі тек ұйқысын бөліп, түнде тұру ғана (сауабы болмайды)»[1].   

Басқа бір хадисте былай дейді:

«Кімде-кім оразада жаман сөзден, жаман, надандық іс істеуден тыйылмаса, Алла Тағала оның ішіп-жеуден тыйылуына мұқтаж емес»[2].  

Ендеше, ораза ұстаудағы мақсат тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, ұрыс-керіс, боғауыз, ғайбат т.б. әбес әрекеттерден де тыйылу болып табылады. Олай болмаған жағдайда хадисте де айтылғандай, ұстаған оразасы текке кетуі мүмкін.

Ауыз берік кезде ашуға ерік беріп, төбелесіп, ұрыс-керіске бой алдырған немесе боғауыз айтқан кісілердің қағида бойынша оразасы бұзылмайды. Өйткені, бұлар оразаны бұзатын себептер қатарынан емес. Бірақ, ұстаған оразасының сауабы кемиді. Тіпті, немқұрайлық танытып,  ондай ағат қылықтарды қоймаған жанның оразасы қабыл етілмеуі да ғажап емес. Сондықтан да, ораза ұстаушы кісі тек ішіп-жеуден ғана тыйылмай, әлгіндей ағат қылықтардан да сақтанып жүргені жөн.

Сөз соңында Алла елшісінің мына бір кеңесін естен шығармағанымыз дұрыс:

«Сендерден кімде-кім ауызы берік күйінше таң атырса (яғни, ауыз бекітсе), балағат сөз айтпасын. Надандық істер істемесін (ұрыс-керіс, айқай-шу т.б.). Егеряки, әлдебіреу онымен жаңжалдасып, төбелескісі келсе: «мен оразамын, мен оразамын» десін»[3].  


[1] Әл-Хаким: әл-Мүстәдрак - №1612 хадис.
[2] Сахих Бұхари - №1804 хадис./
[3] Сахих Мүслім - №1151 хадис.

Абдусамат Қасым