Ораза ұстап, инсулин салдыруға бола ма?
Ораза ұстап, инсулин салдыруға бола ма?
3 жыл бұрын 4003

Ассаламуғалайкум! Ораза ұстап инсулин салуға бола ма? Бірақ тамырға емес, иыққа санға салынады. Маржан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дін мамандарының тоқтамы бойынша, инсулин дәрісі қоректік сипатта болмағандықтан аузы берік кезде салудың оразаға зияны жоқ. Тамырға салынса да, немесе иыққа, санға, жанбасқа салынса да оразаны бұзбайды.

Осы орайда, инсулин кейде қарынның аумағына салынып жатады. Бұл да оразаны бұзбайды. Себебі инсулин дәрісі терінің астына салынады. Бұлшық етке өтіп кетпеуі үшін терінің қалыңдығына сәйкес ұзыныдықта инелер қолданылады. Ал, терінің астына салғаннан ішке немесе асқазанға бір нәрсе өтері екі талай. Сондықтан да, қарынға салынса да оразаға зияны жоқ деуге негіз бар. Ендігі жерде, қарынға салынған жағдайда ішке өтуі ықтимал деген күннің өзінде, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің (раһимаһумаллаһ) қағидасы негізінде айтқанда: ішке табиғи жолдар арқылы енбегендіктен оразаға зияны жоқ[1].  

Тоқ етерін айтқанда, ораза кезінде инсулин салдыра беруге болады, оразаға зияны жоқ.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу» - 2/607 бет.