Нәпіл оразасын ұстап жүргенде туысқандар түске қонаққа шақырып қалса, бұзуға бола ма?
Нәпіл оразасын ұстап жүргенде туысқандар түске қонаққа шақырып қалса, бұзуға бола ма?
4 жыл бұрын 8818

Ассаламуғалейкум, ұстаз! Шәууәл оразасының екінші күнін ұстап жүргенде, туысқандары түскі уақытқа ораза айтқа шақырып қалса, аузын ашып жіберген дұрыс бола ма, әлде ашпаған дұрыс бола ма? Нұрлыбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, сауалыңызға жауап бермес бұрын, бұл мәселенің егжей-тегжейлі үкімдерін қысқаша айта кетелік.

Ханафи мәзхабында ең дұрыс деп саналған тұжырым бойынша, нәпіл оразаны үзірсіз, яғни себепсіз бұзуға болмайды[1]. Өйткені, Алла Тағала: «Амалдарыңды бостан босқа бұзбаңдар» - деп бұйырған. Сондықтан да, бастаған оразасы мен намазын себепсіз бұзу мәкруһ саналады.

Ендігі жерде, қонаққа бару немесе қонақ шақыру – нәпіл оразаны бұзуға үзір болып есептеледі дейді ғалымдар. Бірақ, кейіннен қазасын өтейтіндігіне сенімді болса, ашуына рұқсат. Ал егер қазасын өтейтіндігіне сенімсіз болса, онда ашпағаны абзал.

Сондай-ақ, бұл мәселеге қатысты ғалымдардың тағы бір айтатыны: шақырған жерге барып, бірақ ауыз ашпай тек қатысып отыруына шақырушы разылық танытып жатса, оразасын ашпайды. Ал, оразасын ашпауы шақырушыны ренжітсе онда оразасын бұзуына болады. Осыған байланысты мынадай риуаят келтірілген. Ол риуаятта Алла елшісі былай дейді:

«Сендерден бірілерің қонаққа шақырылса, барсын. Сонда егер, оның аузы ашық болса, ас ішсін. Ал аузы берік болса, дұға етсін»[2].

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «...дұға етсін...» деген сөзінен - ас ішпесе де шақырған жерге барып, дастархан басында Құран оқып, бата жасап қайтсын дегенді ұғынуға болады.

Аталмыш үкімдерді аузы берік кісінің үйіне қонақ келген жағдайға да қатысты айтуға болады. Егер, келген қонақ үй иесінің тұтқан нәпіл оразасын бұзбай жай қасында отыруына разылық танытса, онда оразасын бұзбайды. Ал келген қонақтан ұят болатындай жағдай болса, онда оразасын бұзады. Әрине, егер оразасын кейіннен қазасын өтейтіндігіне сенімді болса. Ал сол күйінше өтемей қоятындай күмән болса немесе бесін уақыты келіп қалса, онда оразасын бұзбайды.

«Бесін уақыты келіп қалса...» деуімнің себебі, нәпіл оразаны әлгіндей жағдайларда бұзудың өзі «зәуәл уақытына дейін ғана рұқсат» делінген. Зәуәл уақытынан былайғы уақыттарда қонаққа шақырылса немесе қонақ келсе оразасын бұзбайды дейді ғалымдар. Тек, ата-ананың ақысына кіру сияқты бір мәселе туындаса ғана зәуәлден кейін ашуға болады. Ал одан өзгелер үшін зәуәл уақытынан кейін ашуға болмайды деген[3].

Зәуәл уақыты дегеніміз, ұлы сәске уақыты аяқталып, бесін уақыты кіруге таяған сәт.

Ендеше, сіздің жағдайда туысқандарыңыз түскі уақытта асқа шақырып отыр екен. Ал ереже бойынша тұтқан нәпіл оразасын сый-сияпат беру, қонаққа бару сияқты себептермен, тек зәуәл уақытына дейін ғана ашуға рұқсат. Одан кейін ашу мәкруһ болады. Сондықтан, сіз оразаңызды ашпай, жай барып, Құран оқып қайтсаңыз болады. Бұзған жағдайда мәкруһ жасаған боласыз, бір күн қазасын өтеу керек. Алла қабыл етсін!


[1] Кей Ханафи ғалымдары кейбір риуаяттарға қарап: үзірсіз, себепсіз бұзуға болады» деген тоқтам жасаған. Бірақ Ханафи мәзхабында қабыл етілген тұжырым, жоғарыдағынша. Аллаһу аъләм.
[2] Әбу дәуід: Сүнән. 2460.
[3] Имам Шүрунбүләли: «Имдәд». 668 бет; Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 6/373-374 беттер.

Абдусамат Қасым