Физерітіндісін (физраствор) инъекциялау оразаны бұза ма?
Физерітіндісін (физраствор) инъекциялау оразаны бұза ма?
3 жыл бұрын 5005

Ассаләмуғалейкум! Физраствормен (натрий хлор) дәрі жіберу оразаны бұза ма? Физраствор тұзды ғой, «питательный» болып табыла ма? Гука.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Медицина тілінде «физиологический раствор», «физраствор» деген терминмен белгілі бұл сұйықтық - қарапайым ас тұзының ерітіндісі болып табылады. Яғни, тұзды су есебінде. Ол белгілі жағдайларда көбіне система арқылы немесе бұлшықетке ине егу арқылы ағзаға жіберіледі. 

Ендеше, физерітіндісі, өзіңіз айтпақшы, тұзды болып саналатындықтан, бүгінде дін мамандары тарапынан «денеге қорек берер» сипатта деп танылып, ғалымдар оны денеге жіберу оразаны бұзады деген тоқтам жасап отыр. Өйткені, онда денеге қуат берер сұйықтықтар мен тұз ерітіндісі бар. Сол себепті, бір күн қазасын өтеу керек. 

Сөзіміз дәлелді болуы үшін, Халықаралық Ислам Фиқһ Кеңесінің оразаға байланысты қабылданған шешімдерінің бірінде былай делінеді: 

«Теріге немесе бұлшықетке яки тамырға салынған терапевтік (емдік) инъекциялар – оразаны бұзбайды. Бірақ, денеге қорек берер сипаттағы инъекциялар мен ерітінділер оразаны бұзады»[1].   

Дегенмен, аталмыш ерітінді денеге табиғи жолдармен енгізілмейтіндіктен (табиғи жолдар: ауыз, мұрын, құлық, тік ішек, қынап), оразаны бұзбайды дейтін дін мамандары да барын айта кету керек. 

Қорыта айтқанда, натри хлоридінің сулы ерітіндісі болып саналатын физиологиялық ерітінді денеге қорек берер сипатта болғандықтан, ең абзалы, ауыз ашардан кейін қабылдаған дұрысырақ. Ал күндіз - ауыз берік кезде қабылдаған жағдайда (сол күнді оразамен өткізіп), Рамазаннан кейін бір күн қазасын өтеп алған жөн. Кәффәрат қажет емес.

Алла оразаларыңызды қабыл етсін!


[1] Мәжмәъуль Фиқһиль Исләми әд-Дуәли: №93 (1/10) қарар. 10-шы отырыс. 1997 жыл; Din İşleri Yüksek Kurulu Başkanlığı. 2021 жыл.  

 

Абдусамат Қасым