«Ережеп айының бірінші күні ораза ұстаған адамға үш жылдық, екінші күні...» дейтін хадис бар ма??
«Ережеп айының бірінші күні ораза ұстаған адамға үш жылдық, екінші күні...» дейтін хадис бар ма??
6 жыл бұрын 27854

Ассалямуалейкум. Осы рас па:  

✔Осы жылы шәһруллаһ, яғни, Алла Тағаланың айы болған Режеп айы кіреді.

1-ші күні ораза ұстағандарға 3 жылдық,
2-ші күні ораза ұстағандарға 2 жылдық,
3-ші күні ораза ұстағандарға 1 жылдық ораза сауабы беріледі.
Бұл хадис шәрифте баян етілген. 
Аталған үш күннен кейінгі ұстаған әр күнгі оразаға бір айлық ораза сауабы беріледі. 
Бұл ай Алла Тағаланың айы болғандықтан Ықлас сүресін көп оқу қажет.

Ардақ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, бұндай риуаят бар, бірақ онда күнәсінің кешірілетіндігі айтылған. Имам Суютидің «әл-Жәмиғус Сағир» атты хадистер жинағында орын алған әлгі риуаятта былай делінеді:

  صوم أول يوم من رجب كفارة ثلاث سنين، والثاني كفارة سنتين، والثالث كفارة سنة، ثم كل يوم شهرا

 (أبو محمد الخلال في فضائل رجب) عن ابن عباس   

«Ережеп айының бірінші күні ораза ұстау – үш жылдық күнәларға кәффәрат (үш жылдық күнәні жуып-шаяды). Екінші күні ораза ұстау – екі жылдық, ал үшінші күні ораза ұстау – бір жылдық күнәларға кәффәрат. Одан кейін, әр күнгі ораза - бір айлық күнәларға кәффарат болады (яғни, қалған күндері ұсталған әр күнгі оразасы үшін бір айлық күнәлары кешіріліп отырады)»[1].   

Алайда, аталмыш риуаяттың дәрежесін хадисші ғалымдары «тым әлсіз» деп бағалаған[2].

Ескерту: Ражаб айында ораза ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда: кестедегі таң намазы кірген уақыт - ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәресі ішіліп болуы керек. Ал, ақшам намазының кірген уақыты - ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Ауыз бекітерде оқылатын арнайы дұғасы жоқ. Маңыздысы - ниет. Күні бойы еш нәр татпастан Алла ризалығы үшін нәпіл ораза ұстауға іштей діттеп, ниет білдірсеңіз болғаны. Ауыз ашарда қазақшалап тілек тілеп, қалаған нәрсеңізді Жаратушыдан сұрасаңыз болады.


[1] Имам Суюти: әл-Жәмиғус Сағир. №5051 хадис. Әбу Мұхаммед әл-Хиләл атты хадисшіден жеткен.
[2] Файзуль Қадир.
*Ережеп айының қасиеттілігі жөнінде қосымша мәлімет білгіңіз келсе, мына сілтемені басыңыз: «Ережеп айында қандай амалдар істеген дұрыс?»

Абдусамат Қасым