Ережеп оразасына қатысты мына бір хадис "сахих" па?
Ережеп оразасына қатысты мына бір хадис "сахих" па?
2 жыл бұрын 3412

Ережеп айында 1 күн ораза ұстаса, кіші күнәләрі кешіріледі, 7 күн ораза ұстаса тозақтың 7 есігі жабылады, 8 күн ұстаса жәннәттің 8 есігі ашылады, 15 күн ораза ұстаса, барлық күнәләрі кешіріледі деген рас па? Жанбатыр.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, Ережеп айына қатысты келтірілген хадистердің дені әлсіз немесе жалған хадистер. (Ибн Хажар, "тәбиин", 18 (14) бет). Пайғамбарымыздың (с.а.у) Ережеп айында ораза ұстағандығы рас. Бірақ ол айда ұсталған оразаға берілетін сауап төңірегінде келтірілген риуаяттардың көпшілігі күмәнді.

Сіз сұрап отырған риуаят діни кітаптарда келтіріледі. Бірақ, оның да нақ Пайғамбардан (с.а.у.) жеткендігі күмәнді, яғни, "сахих хадис" емес. Аталмыш риуаятты кей хадисшілер «әлсіз хадис» деп баға берсе, кей хадисшілер «жалған хадис» дейді. Хадистің толық нұсқасы төмендегідей:

«Кім Ражап айында бір күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады. Кім жеті күн ораза ұстаса, ол үшін тозақ есіктері жабылады. Сегіз күн ораза ұстасаған адамға, пейіштің сегіз есігі ашылады. Он күн ораза ұстаған адамның Алла Тағала сұрағанын береді. Он бес күн ораза ұстаған адамға көктен бір дыбыстаушы: «Өткен күнәларың тегіс кешірілді, амалдарыңды қайтадан (таза парақтан) баста» деп дауыстайды. Кім ораза ұстаған күндерін арттырса, Алла да сауабын арттыра түседі. Режеп айын Нұх пайғамбар кемеге мінген күн, ол күні Нұх пайғамбар ораза ұстады және онымен бірге кемеде болғандардың бәрі ораза ұстады». («Фазаилуль Әуқат», әл-Бәйһақи; «Фазаилу Ражаб», әл-Кәттәни; «әт-Тәрғиб уәт-Тәрһиб» әт-Тәйми).

Аталмыш хадиске қатысты ғұлама Ибн Хажар әл-Асқалани былай деп баға берген: «Осы риуатты жеткізуші риуатшылар тізімінде «Осман ибн Матар» есімді адам бар. Хадисші Ибн Хаббан оны «өтірікші» деген. Оның әлсіз риуаятшы екендігін Хадисші ғұламалар бір ауыздан айтқан» - дейді хадисші ғалым.

Осы риуаяттың басқа бір нұсқасын «Жалған хадистер» атты кітабында келтірген Ибн Жәузи: «Бұл хадис сахих емес» - дегеннен кейін: «Риуатшылардың тізімінде «Фурат ибн Сәйб» есімді кісі бар, оған қатысты Имам Бұхари «Мәтрук» («сөзі алынбайды») деп баға берген» деп қорытады. (Ибн Жәузи, "Мәудуъат"). Хадис ғылымында «мәтрук» деп өтірік сөйлетін хадисшілерге қолданылған. Өтірік сөйлейтін хадисшілердің келтірген хадистері алынбайды, жеткізген риуаяттары жалған хадиске жақын.

Ендеше, сіз сұрап отырған риуаяттың Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі екендігі күмәнді, сондықтан да ондағы мәліметтердің растығы күмәнді. Ол хадиспен амал етілмейді. 

Бірақ Ережеп айында ораза ұстаудың сауапты екендігі рас. Ибн Хажар әл-Асқалани (р.а.) "Ережеп айында ораза ұстау - мұстахаб" деген. (Ибн Хажар, "тәбиин", 18 (14) бет). Оған қатысты келтірілген хадистердің дені әлсіз болғанымен, бәрінің ортақ тұсы - ережеп айында ораза ұстаудың сауапты екендігі жөнінде. Оның үстіне харам айларда ораза ұстаудың артықшылығы айтылған риуаяттар бар. Ережеп айы да харам айларына жататындықтан, бұл айда да ораза ұстаудың өзіндік артықшылығы бары сөзсіз. Имам Бәйһақи келтірген бір риуаятта Әбу Қаләба атты табиғин ғұламаның былай дегендігі айтылады: «Пейіште Ражаб айында ораза ұстаушыларға арналған бір сарай бар» делінген. Табиғиннің осы сөзін келтіргеннен соң, Имам Байхақи (р.а.): "Бұл айтылған мәлімет – Ражаб айындағы оразаға қатысты келтірілген риуаяттардың ішіндегі ең нақтысы (сахихы)..." - деп қорытады.

Алла Тағала тұтқан оразаларыңызды қабыл етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым