Ережеп айында қанша күн ораза ұстау керек?
Ережеп айында қанша күн ораза ұстау керек?
4 жыл бұрын 95141

Ережеп айы канша кун ораза устау керек? Балжан.

Құрметті сауал жолдаушы, Ережеп айында ораза ұстау – ерікті амал. Ұстаған адамға сауап бар, ұстамаған адамға күнә жоқ. Ал, енді қанша күн ораза ұстау керек? – дегенге айтарымыз: «пәлен күн ауыз бекіту керек» деген бұйрық жоқ, әркім шамасына қарай қанша күн ұстаймын десе де өз еркі. Мүлдем ұстамаймын деушілерге де күнә жоқ.

Дегенмен, ережеп айына қатысты келтірілген кейбір «әлсіз» хадистердегі мәліметтерге қарай отырып мына күндері ораза ұстаған абзалырақ деуге болады: 

  1. Ережеп айының бірінші, екінші және үшінші күндері. (Бұл күндер биылғы жылы, 2024 жыл, қаңтардың 13, 14, 15 күндеріне сай келіп тұр).
  2. Сондай-ақ, әр аптаның бейсенбі, жұма және сенбі күндері.   

Бұл айтқандарымызға қатысты мынадай риуаяттар келген:

صوم أول يوم من رجب كفارة ثلاث سنين، والثاني كفارة سنتين، والثالث كفارة سنة، ثم كل يوم شهرا

«Ережеп айының бірінші күні ораза ұстау – үш жылдық күнәларға кәффәрат (үш жылдық күнәні жуып-шаяды). Екінші күні ораза ұстау – екі жылдық, ал үшінші күні ораза ұстау – бір жылдық күнәларға кәффәрат. Одан кейін, әр күнгі ораза - бір айлық күнәларға кәффарат болады (яғни, қалған күндері ұсталған әр күнгі оразасы үшін бір айлық күнәлары кешіріліп отырады)»[1].

من صام من شهر حرام الخميس والجمعة والسبت ، كتب له عبادة سبعمائة سنة

«Кімде-кім Харам айыларының бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза ұстаса, ол адамға жеті жүз жылдық құлшылықтың сауабы жазылады»[2]. Ережеп айы да «харам» айларына жататындықтан, бұл хадис оны да қамтып тұр.

Ендігі жерде, мынадай сауал туындауы мүмкін:

Келтіріп отырған хадистеріңіздің екеуі де "әлсіз" хадистер екен. Әлсіз хадистермен амал етуге бола ма?

Бұған Шәфиғи мәзхабының ғұламасы, хадисші, фақиһ Ибн Хажар әл-Һәйтәмидің (р.а) сөзімен жауап берелік. Ибн Хажар әл-Һәйтәми былай деген: 

وَقَدْ تَقَرَّرَ أَنَّ الْحَدِيثَ الضَّعِيفَ وَالْمُرْسَلَ وَالْمُنْقَطِعَ وَالْمُعْضِلَ، وَالْمَوْقُوفَ يُعْمَلُ بِهَا فِي فَضَائِلِ الْأَعْمَالِ إجْمَاعًا وَلَا شَكَّ أَنَّ صَوْمَ رَجَبٍ مِنْ فَضَائِلِ الْأَعْمَالِ فَيُكْتَفَى فِيهِ بِالْأَحَادِيثِ الضَّعِيفَةِ وَنَحْوِهَا

"Әлсіз хадистермен, мысалы, мүрсәл, мұнқатыйъ, мұъдыйль және мәуқуф дәрежесіндегі хадистермен - "Фаза-илу аъмалдарда" (сауапты, яғни, мұстахаб істерде) амал етуге болатындығына ғалымдар ұжым болып тоқтам жасаған. Ережеп айында ораза ұстау да Фаза-илу аъмәлдан саналатындығында шүбә жоқ. Ол мәселеде (дәлел ретінде немесе амалға асыру үшін) әлсіз және сол сияқты хадистердің өзі жеткілікті"[3] .


[1] Имам Суюти: «әл-Жәмиъус Сағир». Хадистің дәрежесі: Әлсіз.
[2] Имам Табарани, Әбу Наъим т.б. хадисші ғалымдар риуаят еткен. Имам Суюти: «әл-Хауи лиль-Фәтәуә». Хадистің дәрежесі: Әлсіз.
[2] "әл-Фәтәуәль Фиқһиятуль Кубра". Ибн Хажара әл-Һәйтәми.

Абдусамат Қасым
 
 
Абдусамат Қасым