Бүгін жұма күні Ережеп айының бірінші күніне орай ораза ұстаған едім. Жұма күні ауыз бекітуге бола ма?
Бүгін жұма күні Ережеп айының бірінші күніне орай ораза ұстаған едім. Жұма күні ауыз бекітуге бола ма?
6 жыл бұрын 7118

Бүгін – Ережеп айының бірінші күні. Жұма. Аузымды бекітіп қойған едім. Жұма күні ауыз бекіту мәкруһ екен. Не істесем болады?

Талғат.

Ассаламуалейкум! 8 наурыз - Режеп айының бірінші күні Алла қаласа. Енді менің сұрағым:  ораза тұтса бола ма? Ол күні тағы жұма күн?

Али.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссаләту уә сәлләм бір сөзінде былай деген:

لا تَخْتَصُّوا لَيْلَةَ الْجُمُعَةِ بِقِيَامٍ مِنْ بَيْنِ اللَّيَالِي وَلَا تَخُصُّوا يَوْمَ الْجُمُعَةِ بِصِيَامٍ مِنْ بَيْنِ الْأَيَّامِ إِلا أَنْ يَكُونَ فِي صَوْمٍ يَصُومُهُ أَحَدُكُمْ

«Жұма түнін өзге түннен ерекше етіп ғибадатпен өткізбеңдер. Және де жұманың күндізін де өзге күндерден ерекше етіп, ораза ұстамаңдар. Бірақ егер ол сендердің бірілеріңнің (бұрын) ұстап жүрген оразасы болса, ол басқа»[1].

Яғни, ораза ұстауды әдетке айналдырған күндерінің бірі жұмаға сәйкес келіп қалған жағдайда, оны оразамен өткізуі мәкрүһ болмайды. Сондықтан да, Ражап айының бірінші күніне орай ауыз бекіткен болсаңыз, оныңыз жұма күніне сай келуімен мәкруһ амал істегенге саналмайсыз деуге болады, өйткені, сіз жұма күніне орай емес, Ражап айының бірінші күніне орай ауыз бекітіп отырсыз. Дегенмен, тағы бір күн қосып ұстасаңыз артық етпейді. Имам Сүюти риуаят еткен дәрежесі әлсіз бір хадисте, Ережеп айының алғашқы үш күні ораза ұстаудың алты жылдық кіші күнәлардың кешірілуіне септігін тигізетіндігі ашық айтылған[2].


[1] (Сахих Муслим).
[2] Имам Суюти: әл-Жәмиғус Сағир. №5051 хадис.

Абдусамат Қасым