Ассалаумағалейкум! Сіздерге сұрағым бар еді. Ораза ұстап жүрген кісі аяқастынан жол жүретін болып қалса, аузын ашуына бола ма? Шариғи үкім айтыңыздаршы! Ақжол Мырзабек
Аяқасты жолға шықсам, оразамды бұзам ба?
|
Уағалейкумсалам! Құрметті Ақжол, жолға шыққан кісі оразасын бұзбастан бұрын мына екі шартты қарастырады:
Біріншіден – діттеген жері ең кемі 85-90 шақырым қашықтықта болуы керек.
Екіншіден - таң намазының уақыты кірмей жатып жолға шыққан болуы қажет.
Ал, таң намазы уақыты кіргеннен кейін жолға шыққан адам сол күнгі оразасын бұзбай, соңына дейін ұстауы тиіс. Өйткені, Алла тағала: «Ізгі істеріңді зая кетіріп жүрмеңдер», - деп бұйырған. Бұл Ханафи, Шәфиғи және Мәлики мәзхабы бойынша[1].
Ендеше, ауыз бекіткеннен кейін, таң намазынан соң аяқасты жолға шыққан кісі жолаушы екенмін деп, аузын ашпайды. Күнә. Бұған қарамастан, жолшыбай ауызын ашқан адамға кәффәрат қажет емес, тек қазасын өтейді[2]. Одан кейінгі күндері жолаушы ретінде ұстамаса болады.
[1] Әл-Жәзири: әл-Фиқһ ъалә мәзәхибил әрбаъа – 5/521 бет. Ханбәли мәзхабы бойынша, таң намазынан кейін де жолға шықса аузын ашуына рұқсат.
[2] Ибн Ғабидин – Фаслун фил Ъауариз – 6/381 бет.