Мағынасын түсінбесеңіз оқыған Құранға сауап жоқ па?
Мағынасын түсінбесеңіз оқыған Құранға сауап жоқ па?
10 жыл бұрын 6458

Ассаляму алейкум! Сұрайын деген едім,  мен арабша әріптерді үйренген болатынмын. Тәжуидпен Құран оқи аламын. Бірақ мағынасын түсінбеймін, тек оқуды білемін. Өткенде бір жерден естідім: хатым етудегі мақсат - оны түсіну. Егер түсінбей оқыса, мағынасын ұғынбаса, өз өзіне зұлымдық жасайды екен. Содан кейін өкінішке орай Құран оқуға талпынысым төмендеп кетті.  Не істеймін? Құран оқуды жалғастыра берейін бе? Немесе мағынасымен оқуым керек пе, онда хатым етуім тым ұзақ болып кетеді?  Және 1 әріпке 10 сауап, ол тек мағынасын түсінгенде ғана ма? Рахмет. Жанар.

Уағалейкумсалам! Құрметті Жанар, оқылған Құранға сауап жазылуы үшін оның мағынасын білу шарт емес. Мағынасын біліп, түсініп, ой жүгірте отырып оқудың артық жақтары жоқ емес, әрине. Бірақ мағынасын түсінбесеңіз де, оқыған Құраныңыздың әрбір әріпіне сауап жазылады. Бұл Пайғамбарымыздың бізге айтуы. Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыған болса, оған он есе жақсылығы бар. «ӘлифЛәмМим» бір әріп деп тұрғаным жоқ. «Әлиф» өз алдына, «Мим» өз алдына және «Ләм» өз алдына бір әріп»[1].

Аталмыш хадиске үңіліп қарасақ, мағынасы белгісіз «әл-Хуруф әл-муқаттаъа» деп аталатын «ӘлифЛәмМим»-нің әрбіріне сауап жазылатыны айтылуда. Демек, сауабы болуы үшін, міндетті түрде мағынасын білу шарт емес. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

[1] Тирмизи - №2910

Абдусамат Қасым