Ауыз берік кезде бала емізуге бола ма? Оразаны бұзбай ма?
Ауыз берік кезде бала емізуге бола ма? Оразаны бұзбай ма?
4 жыл бұрын 9243

Қайырлы таң! Келіп жеткен Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған Оразаларымыз қабыл болсын. Ораза тұтып, күндізгі уақытта бала емізу оразаны бұза ма? А.

Сәлеметсіз бе! Қасиетті Рамазан айы барша мұсылман жұртшылығына мүбарак болсын!

Құрметті сауал жолдаушы, ардақты сахаба Абдулла ибн Аббастың мынадай сөзі бар:

الفطر مما دخل وليس مما خرج ، والوضوء مما خرج وليس مما دخل ،

«Ораза – ішке бір нәрсе кіргені себепті бұзылады, бір нәрсе шыққаны себепті емес. Дәрет, (керісінше), бір нәрсе шыққаны себепті бұзылады, бір нәрсе кіргені себепті емес»[1].

Яғни, ауыз берік кезде ішке бір нәрсе барған болса, ораза бұзылады. Мейлі, ол – жеуге жарамды зат болсын, мейлі жеуге жарамсыз зат болсын, ішке барса, ораза бұзылады. Ал, денеден бір нәрсе шықса, оған ораза бұзылмайды. Мысалы, қолын кесіп алып, қан шықса ораза бұзылмайды. Тер шықса ораза бұзылмайды. Әжетке барса ораза бұзылмайды т.б.

Ендеше, аталмыш қағидаға сай айтқанда: Ауыз берік кезде бала емізу оразаны бұзбайды, әрі оразасына ешқандай зияны жоқ. Мұнда ғұламалардың арасында таласы жоқ.

Оның үстіне Алла Тағала Құран Кәрімде: «Емізуді толықтырғысы келген аналар балаларын толық екі жыл емізеді...» - деген[2]. Ал енді, екі жыл ішінде Рамазан айы да бары белгілі. Егер, Рамазан айларында емізу оразаны бұзатын болғанда, Алла Тағала «толық екі жыл емізсін» демес еді. Осының өзінен, аузы берік кезде бала емізу оразаны бұзбайтындығын ұғыну қиын емес.


[1] Ибн Хажар әл-Асқаләни: «Фәтхуль Бәри»; Ибн Әбу Шәйбә: «әл-Мусаннаф».
[2] Бақара сүресі, 233 аят.

Абдусамат Қасым