«Үйленген жігіттің екі рәкәғат намазы, үйленбеген жігіттің жетпіс рәкәғат намазынан артық» деген хадис «сахих» па?
«Үйленген жігіттің екі рәкәғат намазы, үйленбеген жігіттің жетпіс рәкәғат намазынан артық» деген хадис «сахих» па?
1 ай бұрын 2604

Ассалаумағалейкум! Бір жерден оқығаным бар еді. «Үйленген кісінің екі ракағат намазы, бойдақтың сексен ракағат намазынан абзал» - деп жазылған! Үйленген кісінің намазы мен бойдақ жігіттің намазының айырмашылығы неде? Алдын ала рахмет! Бахтияр.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дінімізде үйленіп, үй болудың сауаптылығы мол. Дінде ол нәрсе «сүннет» амал ретінде саналып, әркімнің еркіндегі іс ретінде қаралса да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйленудің абзалдығын баса айтып кеткен[1]. «Үйлену -иманның жартысы» деген де риуаят кездеседі дінімізде[2]. Демек, дінімізде үйлену – үйленбеуден абзалырақ. Алайда «үйленген адам мен бойдақтың құлшылығы арасында айырмашылық бар» деген ереже дінде жоқ.

Ал сіз сұрап отырған мәселеге келсек, ондай риуаяттардың кездесетіндігі рас. Оның кейбірінде «жетпіс рәкәғат намазынан артық...» делінсе, кейбір нұсқасында «сексен екі» делінеді. Бірақ олардың дені «сахих» риуаят еместігі деректерде айтылған. Не «тым әлсіз», не «жалған» хадистер. Мысалы, Ханбали ғұламасы, сүннит ғалымы Әбул Фәрәж ибн Жәузи (рахимаһуллаһ) өзінің «Жалған хадистер» атты жинағында, аталмыш риуаяттың сахаба Әнәс ибн Мәликке және сахаба Әбу Һурайраға тән етілетін екі нұсқасының барын айтады және ол екі нұсқаның екеуі де «жалған» хадистер қатарынан екендігіне назар аудартқан[3].

Сондықтан да, үйленген адамның намазы, үйленбеген адамның намазынан бірнеше есе артық деп ешкім кесіп айта алмасы анық. Мәселе – жүректің тақуалығында және ниетте. Кейде керісінше ықыласына қарай үйленбеген адамның оқыған намазы - үйленген адамның намазынан әлде қайда артық болуы мүмкін. Алла Тағала Құранда: «Алланың құзырында ең сыйлыларың – ең тақуаларың» деген[4].


[1] Кісінің хал-ахуалына қарай үйленуі – парыз, уәжіп, мубах, сүннет, мәкруһ, тіпті харам деген үкімдер алуы мүмкін. (Әбу Заһра: «әл-Ахуалуш Шахсия»).
[2] Имам Бәйһақи: «Шуъабуль Иман».
[3] Абдуррахман ибн Жәузи: «әл-Маудуъат». 4 бөлім. 1449 хадис.
[4] «Хужурат» сүресі, 13 аят.

Абдусамат Қасым