Тарауих намазын 8 рәкәғат оқып қойдым, күнә бола ма? 20 рәкәғат оқу бидғат па?
Тарауих намазын 8 рәкәғат оқып қойдым, күнә бола ма? 20 рәкәғат оқу бидғат па?
11 күн бұрын 2009

Ассаламу алейкум! Тарауих намазын 8 ракаат қылып бірнеше рет оқып қойып едім күнә ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Тарауих» намазын сегіз рәкәғат оқудың күнәсі жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сегіз рәкәғат оқығаны хадистерде айтылады. Кейбір деректерде Алла елшісінің (с.а.у.) жиырма рәкәғат оқығандығы да айтылады. Мысалы, бір «әлсіз хадисте» сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Шынында Алла елшісі (с.а.у.) Рамазан айында жиырма рәкәғат намаз оқитын және үтірді оқитын»1 дегендігі келтіріледі. (Алайда бұл риуаят тым әлсіз делінген)2. Бірақ, тарауих намазын 20 рәкәғат қылып бекіткен Әзіреті Омар (р.а.) еді және өзге сахабалар да ардақты Әзіреті Омардың ол шешімін қолдады. Дінге қайшы болса, сахабалар қолдамас еді.

Сондықтан да, тарауих намазын 20 рәкәғат оқу - сүннет деп қабылданған. Өйткені, шариғатта «қаулус сахаби» (шариғи бір мәселеге қатысты сахабаның байламы) дәлел болып саналады. Оның үстіне, Алла елшісі бір сөзінде: «Сендер менің сүннетіме және рашид халифалардың сүннетіне жабысыңдар...» деген болатын. Әзіреті Омар - рашид халифалардың бірі, ақ пен қараны айырушы Фаруқ есіміне лайықты болған сахаба. Соны ескерген төрт мәзхаб ғалымдары және бүкіл Ислам әлемі он төрт ғасыр бойы тарауихты 20 рәкәғат деп оқып келді (Мәлики мәзхабында отыз үш рәкәғат). Ханафи ғалымдарының көбі оны "сүннет муаккәдә" деп есептеген, дегенмен 20 рәкәғат оқуды "мұстахаб", "мәндүб" деп санайтын Ханафи ғалымдары да бар. Мысалы, Имам Құдури, Имам Ибн Һумам солардың бірі(3ّ). 

Ендеше, тарауихты жиырма рәкәғат оқу ең жоқ дегенде «мұстахаб» амал. Ал оны «бидғат» деп жүргендердікі бос сөз, өрескел қате. Олай деу - Әзіреті Омарды да, оның байламын мақұлдаған өзге сахабаларды да «бидғатшы» деп айыптаумен пара-пар.

Тоқ етерін айтқанда, тарауих намазын 8 рәкәғат оқыса да болады, 20 рәкәғат оқыса да болады. Кім қанша оқыса, сонша сауапқа қол жеткізеді. Сегіз рәкәғат оқуға болмайды деу қаншалықты қате болса, 20 рәкәғат оқуға болмайды бидғат деу де соншалықты қате, дін ілімінен нәсібі жоқтардың сөзі.

Аллаһу аъләм! Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин.


1Ибн Шәйбә: «әл-Мусаннаф». عن ابن عباس أن رسول الله صلى الله عليه وسلم كان يصلي في رمضان عشرين ركعة والوتر "
2Имам Суюти: «әл-Хәуи лиль Фәтәуә».
3Кәмәл ибн Һумам: "Фәтхуль Қадир". Һидая шархы. Нәпіл намаздар тарауы.

 Абдусамат Қасым