"Таң намазының парызын өзім оқып қойып, артынан имамға тағы ұйыдым, дұрыс па?"
"Таң намазының парызын өзім оқып қойып, артынан имамға тағы ұйыдым, дұрыс па?"
2 жыл бұрын 5311

Ассалямуалайкум! Кеше мен, таң намазына мешітке барып, 2 рәкәғат сүннет намазын оқып алдым. Азан шақырылғаннан соң жамағат бәрі тұрды. Мен де тұрып 2 рәкәғат парыз оқуға ниет еттім деп парызын оқып алдым. Әркім өз бетінше оқыды. Сосын сүннетті де, парызды да оқып алдым, енді отыра тұрайын десем, имам келіп қалды да, жамағаттың бәрі тұрды. Мен шамалы абдырап қалдым да, екі рәкәғат оқуға және имамға ұйыдым деп ниет еттім де, жамағатпен оқып алдық. Сөйтіп алты рәкәғат оқып кеттім. Өзім түсінбей қалдым. Өзім жақында бастаған едім. Ондай қатты сауатым да жоқ.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті мұсылман, оқыған таң намазыңыз дұрыс саналады. Сіздің жағдайда өзіңіз жеке оқыған таңның парыз намазы - cол күнгі таң намазына есептелсе, артынан имамға ұйып оқыған намазыңыз нәпіл намазға саналады. Келесіде мешітке барғанда жамағатпен бірге имамды күткеніңіз жақсы. Ондай-ондай шатасулар болып тұрады, әбестігі жоқ. Оның үстіне намазды жаңа бастаған екенсіз. Уақыт өте келе кітаптардан жай-жай үкімдерін оқып, түсінбегеніңізді сұрап, осылай толық біліп аласыз. Сіз үшін қазір намаз бен дәрет-ғұсылға байланысты негізгі үкімдерді оқып білу парыз болмақ. Сондықтан да, ғылымхал кітаптарынан болсын немесе намаз кітапшаларынан болсын не намазға байланысты жазбалардан болсын, күнде бір сәт оқып біліп, көкейге тоқи жүргеніңіз жөн.

Орайы келіп тұрғанда сауалыңыздағы жағдайға қатысты мынадай бір фиқһи үкімді де айта кетейін. Таң намазының парызын оқып болғаннан кейін «нәпіл» намазын оқу мәкруһ (ұнамсыз) болады. Сол себепті, сауалдағыдай, таң намазының уақыты кіріп, таң намазының парызын өзінше оқып қойған кісі, артынан имамға ұйып қайта оқымай-ақ қойғаны абзал, өйткені ол жағдайда екінші оқығаны "нәпіл намаз" орнында болатындықтан, парыз намазынан кейін нәпіл намаз оқыған болады, бұл өз кезегінде мәкруһ үкімін тудырады. Асыр намазында да дәл осылай. Мысалы, асыр намазының уақыты кіргеннен соң парызын өзінше оқып қойған кісі, артынан енді бастаған жамағатқа қосылмай-ақ қойғаны абзал, өйткені онысы нәпіл орнында болатындықтан, асырдан кейін нәпіл намаз оқыған болады, ал асырдың парызын оқып қойғаннан кейін нәпіл намаз оқу мәкруһ болмақ. Бұл айтқанымыз - таң намазы мен асыр намазына қатысты. Қалған намаздарда болса, ондайда қосымша ұйып оқи бересіз. Болашақта біле жүрерсіз. Қалай болғанда да сіздің жағдайдағы оқыған таң намазыңыз есептеледі. Алла қабыл етсін!

Абдусамат Қасым