Таң намазына байланысты үш сұрақ
Таң намазына байланысты үш сұрақ
2 жыл бұрын 9127

- Ассаламуғалейкум! Имам Мұхаммед пен Әбу Юсуф бойынша таң намазын оқып жатқанда күн шығып кетсе намаз бұзылмайды екен. Бұнымен мүлде амал етілмей ме? Әлде уақыт тығыз жағдайларда амал етсе бола ма? Әділ.

- Уағалейкумуссәләм! Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед[1] бойынша, таң намазын оқып тұрғанда күн шығып кетсе, таң намазы бұзылады. Күн арқан бойы көтерілгеннен соң қазасын өтеу керек. Мысалы, бірінші рәкәғатын оқып, екінші рәкәғатының қиямында тұрғанда күн шықса намаз бұзылады. Осы тұрғыда, кей фиқһ кітаптарында, өзіңіз айтқандай, Имам Әбу Юсуфтың «таң намазының бірінші рәкәғатын оқып, екінші рәкәғатына тұрғанда күн шықса намазы бұзылмайды, бірақ күн найза бойы көтерілгенше сол күйінше қалып, сонан соң әрі қарай тәмәмдап аяқтайды» деген пікірі кездеседі[2]. Дейтұрғанман, Ханафи мәзхабында Имам Ағзам Әбу Ханифаның пәтуасы негізге алынған, әрі ең дұрыс тұжырым ретінде қабыл етіледі.  

Аталмыш мәселеге қатысты мына жағдайды да айтпай кетуге болмайды: мысалы, таң намазының соңғы отырысында «әттәхият» дұғасын оқып болғаннан кейін сәлем бермей тұрып күн шығып кетсе не істейді? Намазды қайта оқу керек пе? Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бұл жағдайда намаз бұзылмайды, намазы саналады деген. Себебі намаздың «соңғы отырысында әттәхият дұғасының мөлшеріндей уақыт отыру» парызы орындалып тұр. Алайда, ұстаздары Имам Ағзам Әбу Ханифа бұл кезде де намаз бұзылады дейді.

- Сәлеметсіз бе! Бүгін таң намазына ұйықтап қалып, бір минут қалғанда, яғни, 8:27 кеткенде тез парызын оқыдым, оқып боламын дегенше уақыты шығып қалыпты 8:29 болыпты, мен дұрыс жасамадым ба?

-  Сәлеметсіз бе! Негізінен алып қарағанда сіз дұрыс жасадыңыз. Уақыт шығуға аз қалғанда, тым болмаса, намаздың парызын уақытында оқып алған дұрыс. Бірақ сіздің жағдайыңызда намазды оқып жатып уақыт шығып кеткен сияқты. Өйткені, адам бір минутта намазды оқып үлгермейді. Сол себепті қазасын өтеп алғаныңыз артық болмайды.

- Сәлеметсіз бе! Таң намазы кірмей тұрып, намазды оқып қойса, қалай болады?

- Сәлеметсіз бе! Таң намазының уақыты кірмей тұрып, таң намазын оқып алған жағдайда, ол оқығаныңыз нәпіл намазға есептеледі. Уақыт кірген кезде таң намазын қайта оқып алу керек.


[1] Имам Мұхаммед: Әл-Асл.
[2] Әл-Фәтәуә әт-Тәтәрхания, 1\254 бет.

Абдусамат Қасым