Сүйекке кірген адам ақы сұрауына бола ма?
Сүйекке кірген адам ақы сұрауына бола ма?
2 жыл бұрын 16602
  •  Ассаләмуғалейкум! Мархұмды жуындырғаным үшін ақы сұрасам бола ма?
  • Ассалаумағалекум! Осы адамды жуындырғаны үшін еңбегімді алуға бола ма? Кейде қайтқан үй иелері жуындырмай бізді күтіп отырады. Мешітте жүргесін кейде көп кездесіп жатады, балалары білмейді, үйренгісі де келмейді, осы кезде еңбегіме талап етуіме бола ма? Кейде адамдар жиіркеніп жатады, сол кезде өзім кіруге тура келеді. Оғанда 3-4 сағат кетеді.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабы бойынша, сүйекке кірген адам мәйітті тегін жуғаны абзал. Мәйітті жуғаны үшін ақша алуына болмайды. Тіпті, егер жуатын басқа ешкім болмаса, ол ісі үшін ақша талап етуі күнә болады, өйткені жуатын басқа адам табылмағаны себепті «мәйітті жуу міндеті» оған уәжіп болып, оны ақысыз орындауы борышы. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұсылманның мұсылманда алты ақысы бар» деген. Соның бірі: «өлгенде денесін жуу» дейді1

Тоқ етерін айтқанда, егер басқа жуатын адамдар табылып жатса, сізге ұсыныс жасалған уақытта, ақы сұрауыңызға болады, ал сізден басқа жуатын ешкім болмаса, ақы сұрауыңызға болмайды, ақысыз жууыңыз шарт2. Өйткені, мәйітті жуу парыз кифая. Парыз кифаяны ақысыз орындау керек. Ханафи мәзхабынан өзге мәзхабтарда ақыға жууға болады.

Осы тұрғыда, халықтан ынсап кетіп, мүлдем мәйітті жуатын адам табылмаса, амал жоқ, ақыға жудыруға тура келеді.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Имам Мәусули: «әл-Ихтияр - ғослуль мәйит. 1\91 
2Бәдруддин ал-Айни: «әл-Биная» - ғослуль мәйит. 3\94 бет; Имам әл-Кәсәни: «Бәдәиъ»;

Абдусамат Қасым