Діндар ғарышкерлер космоста намазды қалай оқиды? (Фото, видео)
Діндар ғарышкерлер космоста намазды қалай оқиды? (Фото, видео)
2 жыл бұрын 3440

Ғарышкерлер намазды қалай оқиды? Дәретті қалай алады? Сәкен.

Бисмилләһир рахманир рахим

Мұсылман кісі ғарышта болса да намаз оқудан босатылмайды. Сондықтан да, мұсылман ғарышкерлер ғарышта болса да намаздарын оқуға тиісті.

Дәрет алу

Ғарыш кемесінде сулар қалықтап тұратындықтан, ол жерде жердегідей суды ағызып дәрет алудың мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да, ғарышкерлер дәрет аларда арнайы су құйылған пакеттен дәрет ағзаларына аз-аздан су сығып, ағзаға жабысқан суды ысқылайды. Су жерге тамшыламайтындықтан судың ағзаға тиіп, дымқылдандырғаны жеткілікті. Осылай дәрет ағзаларын жуған болады.

Ал егер ғарыш кемесінде су тапшы болса, не істейді? Ондайда таяммум соғуға да мүмкіндік болмайтындықтан фиқһ кітаптарындағы «Тазалаушы екі зат табылмаған кісінің намазы» деген ереженің негізінде дәретсіз оқыса болады (тазалаушы екі зат - су мен топырақ). Ханафи мәзхабында дәрет алуға су немесе таяммум соғу үшін жер жынысына жататын зат таба алмаған кісі намаз уақыты кіргенде дәретсіз оқиды, бірақ кейін қазасын өтеп алуы тиіс[1]. Ал Ханбали мәзхабында мұндай жағдайда (яғни, не су табылмаса, не таяммум соғатын жер жынысы табылмаса) дәретсіз оқыған намазының қазасын өтемейді[2]. 

Құбылаға қарау

Ғарыштағы мұсылман намазға тұрғанда жер планетасына қарап оқиды. Мекке қаласы жер планетасында орналасқандықтан, ғарыштағы мұсылманның құбыласы – жер. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Қай жағынан шықсаң да, жүзіңді Харам мешітіне қарай бұр. Сөзсіз бұл Раббыңнан жеткен ақиқат. Алла Тағала сендердің не істеп жатқандарыңнан ғапыл емес (хабарсыз емес)»[3].


(Суретте принц Сұлтан ибн Сәлман. Сауд Арабиясы. 1985 ж.).

 Намаз оқу әдісі

Ғарышта тартылыс заңы жұмыс істемейтіндіктен, адам қалықтап тұратындығы мәлім. Сондықтан да, ғарыштағы мұсылман намазға тұрғанда екі аяғын жерге байлап тұрады, осылайша қиямда қалықтамай тік тұрып намазын өтеуін қамтамасыз етеді. Намаз уақытын Мекке қаласының намаз кестесі бойынша анықтайды. (Төмендегі видеоға қараңыз, видеода Шейх Мұзаффар есімді Малазиялық ғарышкердің намаз оқу барысындағы көрінісі бейнеленген). 



[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».
[2] «әл-Мәсуғатуль Фиқһия». 14/273 бет.
[3] Құран Кәрім, «Бақара», 149 аят.

Абдусамат Қасым