Мүртәд болған адам тәубе етсе, сауаптары қайта орала ма?
Мүртәд болған адам тәубе етсе, сауаптары қайта орала ма?
7 ай бұрын 2471

Ассаламу алейкум! Егер адам кәпір болып, мұсылман дінін қабылдаса, өткен күнәләрінің бәрі жойылып, жаңа туған сәбидей пәк болады дейді. Сол секілді мұсылман адам кәпір болса, сол уақытқа дейін жасаған сауаптары құлшылықтары жоқ болып кетеді дейді. Сол рас па? Баян. 

Бисмилләһир рахманир рахим

«Мүртәд» деп, мұсылман дінінен шыққан адамды айтады. Мәселен, басқа дінге өтсе немесе дініміздегі нақты харам болған істердің харамдығын мойындамаса, парыз амалдардың парыздығына сенбесе, яки, иман шарттарына күмәнмен қараса т.б.

Мұсылман дінінен шыққан «мүртәд» адамның одан алдын жасаған барлық сауапты істері мен барлық құлшылық-мінәжаттары өшіп кетеді. Есесіне, бұрын кешірілген күнәлары қайта жазылады. Егер сол күйінше өліп кетсе, сауаптан құр алақан болып, бірақ бұрын-соңды істеген күнәларын арқалаған күйі кетеді.

Алайда тәубе етіп, қайта мұсылмандыққа оралса, сауаптары қалпына келе ме?

Мүртәд болған адам, өкініп тәубе етсе және тілін кәлимаға келтіріп, мұсылмандыққа қайтса, оның өшіп кеткен сауаптары қайта қалпына келе ме, жоқ па, дегенге қатысты ғалымдар екі түрлі пікір білдірген. Көпшілік ғалымдардың және Ханафи ғалымдарының ұстанымы бойынша, мүртәд адам тәубе етіп, мұсылман дінінен қайта оралған жағдайда бұрынғы істеген сауапты істерінің сауаптары қайта қалпына келеді. Сондай-ақ, тәубе еткеннен соң, мүртәдтік себепті мойнына жазылған күнәлары да қайта кешіріледі1. Ал өшіп кеткен намаз бен оразаларын қайта өтемейді. Алайда қажылық құлшылығы басқа. Бұрын қажылығын өтеген кісі, кейіннен діннен шыққан жағдайда, қажылығы өшіп кететіндіктен, қайта тәубеге келгендіктен шамасы келген кезде қажылық парызын қайта өтеу керек болады. Қажылықтан өзге құлшылықтарын қайта өтемейді.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім. Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин! 


1Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 6\397 бет; Өмер Насухи Білмен: "Хукуки Исламие Камусы". 

Абдусамат Қасым