Шахтада намазды қалай оқимын?
Шахтада намазды қалай оқимын?
9 жыл бұрын 5090

 Ассалаумағалейкум! Сұрақ: Шахтада (жердің астында) жұмыс істейтін азаматтар намазды қалай оқиды? Намазды қосып оқуларына рұқсат бар ма (мысалға кешке жұмыстан соң барлығын қосып, қазасын өтегендей)? Шахтаның таза болмауы (лай,су) намазға кедергі болмай ма? Толығырақ мағлұмат берсеңіз. Думан Маханбетов.

Уағалейкум әссәләм! 

Құрметті Думан, шахтада жер су, батпақ болғандықтан намазды ойдағыдай оқуға мүмкіндік болмай жатса,, ондай да, қиям мен рүкуғты әдеттегідей орындап, ал сәждені орындыққа отырып орындайсыз: отырған күйі сәждеге иіліп, ишарамен жасайсыз. Сіздің жағдайда «аттахият» отырысын да орындықта отырған күйі орындауға болады.   

Риуаяттарға қарағанда Яълә бин Әмия атты сахабаның айтуы бойынша: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және оның ардақты сахабалары өткелден өткенде төбелерінен жаңбыр жауып, жер лайланады. Осы кезде намаз уақыты кірген еді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) азаншыға азан айтқызып, қамат түсіртеді де, өзі түйесінде отырған күйі жамағаттың алдына шығып, ишарамен намаз окытады. (сол кезде) Сәждеге, рүкүғтан көбірек иілген еді», - делінеді хадисте[1].

Сахаба Әнәс ибн Мәлик: «Алла елшісі жер батпақ, су болған кезде намазды көлігінде оқыды», - деген[2].

Сондай-ақ, жер астында құбыланы анықтау қиынға соғуы мүмкін. Ондай кезде өзіңіз топшылаған жаққа қарап оқисыз[3].

Шахтада түрлі жағдай болып жатады. Сондықтан, алда-жалда намазыңызды уақытылы оқи алмай жатсаңыз, амал жоқ, қаза етесіз. "Хандақ" соғысында сүйікті пайғамбарымыз да төрт намазын мәжбүрліктен қаза қылған болатын[4].

Дәрет алуға мүмкіндік болмаса, таяммүм соғылады. Алла елшісі айтады: «...Мен сендерге бір нәрсе бұйырсам, оны қолдан келгенше орындаңдар. Не нәрседен тыйсам, тыйылыңдар!»[5].



[1] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Бәбу мә жәә фис салати ъля дәәббәти - № 411 хадис.

[2] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Бәбу мә жәә фис салати ъля дәәббәти - № 411 хадис.

[3] Ибн Мәжә: «Сүнән» – 1020- хадис.; Дарукутни сүнені: Намаз бөлімі – 1064 - хадис.; Имам Тирмизи: «сүнен» – 345 хадис.

[4] Ибн Мәсудтан р.а. Тирмизи, Несаи және Имам Ахмед риваят еткен.

[5] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» - Хаж.

Абдусамат Қасым