Әссәләмуғалейкум! Сізге бір сұрағым бар еді. Намазда сәждеге барарда шалбарды тартып баруға бола ма? Ақиқатын айтып жіберсеңіз! Мақсат.
Сәждеге барарда шалбардың тізесін жоғары тарту дұрыс па?
|
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Сәждеге барарда шалбардың тізесін жоғары тартудың үкімі – мәкруһ[1]. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Төрт сүйекпен сәжде етуге бұйырылдым: маңдай, екі қол, екі тізе, екі аяқтың ұшы. Және (сәждеге бара жатып) киімді жиырмай әрі шашты жинамай [оқуға бұйырылдым]»[2], - деген.
Аталмыш хадистегі «киімді жиырмаймыз» сөзіндегі «жиыру» етістігін ескі ғұламалар «сәждеге барарда киімнің алдыңғы жағын не артқы жағын көтеру» деп түсіндірген[3].
Сондықтан да, мәжбүр жағдайда болмаса, әр сәждеге барған сайын шалбарды жиырып, жоғары тартып отыру құпталмайтын әрекет[4].
[1] Ханафи фиқһ кітаптарында сәждеге бара жатып «киімді жиырудың» мәкруһ екендігі айтылады. Хидая–1/164 бет.
[2] Бұхари, Мүслім.
[3] әл-Аини: әл-Бинәя.
[4] Тіпті, екі қолмен орындалатын әрекет намаз ішінде істелсе, «амалуль кәсирді», яғни, көп қимылды тудырады деп есептейтін кей ғалымдар бойынша, аталмыш әрекет намазды бұзатын қимыл боп саналады. [Шүрунбүләли: Имдад – 336 бет].