Өмірден озған адамның жаназасы шығарылмай жерленген жағдайда не істеуге болады?
Өмірден озған адамның жаназасы шығарылмай жерленген жағдайда не істеуге болады?
7 жыл бұрын 6977

Ассаламуалейкум! Мазхабымызда ғайып жаназа намазы бар ма? Жақында белгілі бір себептермен бір туысқаным қайтыс болған. Жаназасы оқылмай жерленгенін кеш білдік. Туысқандары мен жақындары жиналып, ғайып жаназасын оқыса бола ма? Берік

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Өлген кісінің жаназасы шығарылмай жерленген жағдайда, оның жаназасын қабіріне барып оқиды. Риуаяттарға қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Үмму Михжан есімді қара нәсілді әйелдің жаназасын қабіріне барып оқыған екен[1].

Алайда, ғұламаларымыз мұны (жаназасын қабірде оқуды): «денесі бұзыла бастаған уақытқа шейін» деп шектеген. Бұзылу уақыты ауа-райының ыстық-суығына қарай және мәйіттің толық не арық болғанына қарай өзгеруі мүмкін[2]. Жерленгеннен соң денесі бұзылатындай уақыт өткен болса, жаназасы оқылмайды. 

Ғайып жаназаға келер болсақ (басқа өлкедегі өлген кісінің артынан жаназасын оқу), Ханафи мәзхабында ғайып жаназа оқылмайды. Малики мәзхабында да солай[3]


[1] Әбу Һурайрадан жеткен хадисте былай делінеді: Бір қара нәсілді әйел мешітті тазалап тұратын. Күндердің күнінде ол қайтыс болады. Пайғамбар ол жайында сахабалардан сұрайды. Олар қайтыс болғандығын айтады. Сонда Пайғамбар (с.а.у.): «Неге мені құлағдар етпедіңдер?!... Маған қабірін көрсетіңдер», - дейді. Сахабалар жатқан қабірін көрсетеді. Пайғамбарымыз қабіріне барып, жаназасын оқиды. (Сахих Бұхари - №446 хадис.; Сахих Мүслім – № (956) 1588)
[2] Ибн Ғабидин – 5/300 бет.
[3] Пайғамбарымыздың эфиопиялық патшаға арнап оқыған ғайып жаназа намазы болса, ол тек пайғамбарға ғана тән үкім делінген. Өзге мұсылмандарға қатысы жоқ.

Абдусамат Қасым