Намазға қатысты үш сұрақ
Намазға қатысты үш сұрақ
10 жыл бұрын 9064

Әссәләмуғалейкум! 1-Сұрағым: Намазда имам рүкүғқа, сәждеге барарда «Аллаһу әкбәр» дейді. Оны имамға ұюшы да айтуы керек пе? 2-Сұрағым: Әуәбин намазын 6 рәкәғат етіп оқысам, бекітілмеген сүннет сияқты (1-ші және 2-ші отырыста «ат-тахияттан кейін «Аллаһумма салли, аллаһумма бәрик» оқу керек пе? 3.Сұрақ: Намаздағы ниетті дауыстап айту күнә бола ма? Көп рахмет. Сәндібек

Уағалейкум ассәләм, Сәндібек! Қойған сауалдарыңызға рет-ретімен жауап берелік.

-Намазда имам рүкүғқа, сәждеге барарда «Аллаһу әкбәр» дейді. Оны имамға ұюшы да айтуы керек пе?

-Рүкүғқа иіліп, сәждеге барғанда және одан бас көтергенде имамға ұюшы жамағат та іштей «Аллаһу әкбәр» деп айтады. Имам рукуғтан «сәмиғаллаһу лиман хамидаһ» деп тік тұрғанда, ұюшы кісі «раббана ләкәл хамд» дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у) хадистерінің бірінде: «Имам (намазда) «Аллаһу әкбәр» дегенде сендер де  «Аллаһу әкбәр» деңдер. Ол «самиъаллаһу лимән хамидаһ» деген кезде, сендер «рәббәна ләкәл хәмд» деңдер!»[1], - деген.

Бұған қоса мына нәрсені де айта кетелік, намазда имамға ұюшы кісі тек фатиха мен қосымша сүре оқымайды. Ал, өзге дұғаларды оқиды. Дәлірек айтқанда, имам тәкбір алып («аллаһу әкбәр» айтып) намазға бастағанда, ұюшы кісі де ішінен «Аллаһу әкбәр» деп құлақ қағады. Мұны «ифтитах тәкбірі» дейміз. Ішінен сәнә дұғасын оқиды да үндемейді. Фатиха мен қосымша сүрені оқымайды. Одан өзге рукуғ пен сәждедегі дұғаларды және аттахият, салауат, раббана дұғаларын іштей оқиды, «әссәләмуғалейкум уә рахматуллах» деп екі жағына сәлем береді.

-Әуәбин намазын 6 рәкәғат етіп оқысам, бекітілмеген сүннет сияқты (1-ші және 2-ші отырыста) «ат-тахияттан кейін «Аллаһумма салли, аллаһумма бәрик» оқу керек пе?

-Екі рәкәғаттан көп нәпіл намаз оқитын кісі, әуелгі отырысында «ат-тахият», «салауат» оқиды. Үшінші рәкәғатті «сәнә» және «әғузу-бисмилләні» айтумен бастайды. Бұл ереже тек нәпіл намаздарға қатысты. Бекітілген сүннет намаздарында үкім басқа[2].  

Әуәбин намазы да "нәпіл намаз" қатарынан саналғандықтан, 6 рәкәғаттың әр екі рәкәғатына отырған кезде «ат-тахияттан» кейін «салауат» оқылады.

-Намаздағы ниетті дауыстап айту күнә бола ма?

-Намаздағы ниет ол – кісінің қайсы намазды оқитынын білуі деген сөз. Басқаша айтқанда ниет - белгілі намазды оқитындығына іштей дайындалу, оқталу дегенді білдіреді. Ал, енді оны өзі еститіндей сыбырлап айтуы күнә емес, керісінше жақсы амал боп саналады.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Әл-Мүстәдрак: «Китабуль Имәмә» - №810 хадис; Сахих Бухари: «Әбуәбу салатил жамаға уәл имәмә».
[2] Шурнубүләли – Имдадул Фаттах: Бәбу нәуәфил. 431 бет.

Абдусамат Қасым