|
Намазға қатысты үш сұрақ
|
- Ассаламуғалейкум! Менің белім ауырады, намазды басқаша оқуыма бола ма? Иілу маған ауыр тиеді.
Жауап:
Уа алейкум ассалям! Иілу беліңізге зиян болса, намазды стөлге (табуреткаға) отырып оқи аласыз. Алайда, егер тіке тұрып тұру сізге ауыртпалық тудырмаса, намазды тік тұрып бастауыңыз керек. Орындықты артыңызға қойып, намазды тіке тұрып бастап, ал рукуғ пен сәжде жасау кезінде орындыққа отырып, шамаңыз келгенше иіліп орындасаңыз болады.
- Бесін намазын үйде болмасаң, бөтен үйде немесе басқа жерде болсаң қалай оқимыз?
Жауап:
Уағалейкумуссәләм! Бесін намазы қай жерде болсаңыз да бір тәртіппен оқылады. Алайда, егер жолаушы болсаңыз, яғни кемінде 90–100 шақырым қашықтыққа сапарға шыққан болсаңыз, төрт рәкәғаттан тұратын парыз намаздар қысқартылып оқылады. Олар: бесін, асыр және құптан намаздарының парыздары. Жолаушы адам бұл намаздарды екі рәкәғат етіп оқиды.Сондай-ақ, аталмыш намаздар жолаушы кезінде қазаға қалса, қазасын да қысқартып оқисыз.
- Ассаламуғалейкүм, ұстаз! «Алақ» сүресін оқу, жаттау әдебі жайында айтып бересіз бе? Сәжде аятын қай кезде, қай аяттан кейін жасау керек? Оны бірден жасамай, намаздан кейін орындауға бола ма?
Жауап:
Уағалейкумуссәләм! Егер намаз барысында сәжде аятын оқысаңыз, келесі тәртіпке назар аударасыз:
- Егер сәжде аятынан кейін тағы аят оқып жалғастыратын болсаңыз, онда сәжде аятын оқи сала «Аллаһу әкбар» деп бірден сәждеге барып, бір рет сәжде жасайсыз да, қайтадан «Аллаһу әкбар» деп қиямға тұрып, сүрені жалғастырып оқи бересіз.
- Ал егер сәжде аятынан кейін жалғастырып оқымайтын болсаңыз, сүрені сонымен аяқтауды ойласаңыз, онда тікелей рукуғқа барасыз, тиләуәт сәждесін жасамайсыз.
Намаздан тыс уақытта Құран жаттау кезінде мысалы, "Аляқ" сүресін жаттау барысында:
- Бір отырыста бірнеше рет сәжде аятын оқитын болсаңыз, бір рет жасап, одан соң бірнеше рет оқып жаттай бересіз, бір отырыста аятты әр оқыған сайын сәжде жасау шарт емес.
- Қайта айналып келіп оқыған кезде де солай бір рет жасап, одан соң бірнеше рет оқып, жаттай бересіз.
- Қасыңызда адамдар болса, сәжде аятына келген кезде іштей оқығаныңыз абзал, бұл қасыңыздарға сәжде аятын жасау міндет болып қалмас үшін жасалады.