НАМАЗҒА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
НАМАЗҒА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
10 жыл бұрын 204647

1. Намаздарын үйде оқыған адамға «азан» айтып, «қамат» түсүру қажет пе?

Бес уақыт намаз бен жұма намазына және қаза намаздарына  азан айтып, қамат түсіру [1] – ер кісілер үшін сүннет. Ал әйелдерге – мәкрүһ[2]. Яғни, әйел адам намаздарын азан мен қамат түсірмей-ақ оқығаны дұрыс.

Намаздарын үйде оқыған ер адам азан айтып, қамат түсірмесе де болады. Өйткені, сахаба Абдулла бин Мәсғуд (р.а.): «Қалада түсіріліген қамат жеткілікті», – деп  үйінде жолдастарымен бірге намазды азансыз және қаматсыз оқығандары риуаят етілген[3]. Алайда, азан айтып, қамат түсіру сауапты іс екенін естен шығармағаныңыз жөн[4].

2.Жануарлардың суреті бар киіммен намаз оқуға бола ма?   

Ханафи мәзһабы бойынша жанды заттың суреті бар киіммен намаз оқу – мәкрүһ[5].  Өйткені, Жәбрейіл періште Пайғамбарымызға (с.а.у.) «Біз жанды заттың суреті болған үйге және иті бар жерге кірмейміз»[6], – деген. Ендеше, жанды заттың суреті бейнеленген киім киіп намаз оқу – намазыңыздың кәмілдігіне нұқсан етеді.

3.Айнаға қарап намаз оқуға бола ма?

Намаз оқып тұрған адамның көңілін аударатын, ойын бөлетін нәрселер – мәкрүһ болып саналады[7]. Айнадағы бейнеңіз де намазда тұрғанда ойыңызды бөліп, көңіліңізді аударатындықтан, оған қарап намаз оқыған да мәкрүһ болып табылады. Бірақ одан намазыңыз бұзылмайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у) да намаз оқып тұрғанда киіміндегі өрнектерге көзі түсіп, намаздан кейін: «Мына киім жаңа ғана намазымда көңілімді бұзды. Оны Әбу Жәһмге апарып, одан бір түсті киім алып келіңдерші»[8],  – деген екен.

4.Ақшам намазының үшінші ракағатына үлгерген адам алдыңғы екі ракағатты қалай өтейді?

Шам намазының үшінші рәкәғатына ғана толығымен үлгерген кісі үш рәкәғат намаздың екеуін жіберіп алды деген сөз. Ол кісі:

  • Үшінші рәкәғатты имаммен орындап, соңғы отырыста тек тәшәһһуд дұғасын ғана асықпай оқиды да имамның сәлем беруін күтеді.
  • Имам сәлем бергеннен кейін «Аллаһу әкбәр» деп, оқылмай қалған екі рәкәғаттың біріншісіне тұрып,  Сәнә, әғузу мен бисмилләны айтып, фатиха және зәм сүре (қосымша сүре) оқиды да рукуғы мен екі сәждеден кейін «ат-тахият» дұғасына отырады.
  • Тәшәһһуд дұғасынан кейін оқылмай қалған екі рәкәғаттың екіншісіне тұрады. Бисмилләны айтып, фатиха мен тағы да зәм сүресін қосып оқиды.  Рукуғы мен сәждесін орындап, «ат-тахият», «салауат» және «рәббәнаны» айтып екі жаққа сәлем беріп намазын тәмәмдайды.
  • Оқылмай қалған екі рәкәғаттың біріншісінде тәшәһһудке отырмай тұрып кетсе, намаз соңында сәһу сәжде керек емес.

5.Намаздың төртінші ракағатына үлгерген адам алдыңғы үш ракағатты қалай өтейді?  

Төрт рәкәғат парыз намазының төртінші рәкәғатына үлгерген кісі, үш рәкәғатты оқымай жіберіп алды деген сөз. Ол:

  • Төртінші рәкәғатты имаммен орындап, соңғы отырыста тек тәшәһһуд дұғасын ғана оқиды да имамның сәлем беруін күтеді.
  • Имам сәлем бергеннен кейін «Аллаһу әкбәр» деп, оқылмай қалған үш рәкәғаттың біріншісіне тұрып, «сәнә», «әғузу мен бисмилләны» айтып «фатиха» және «зәм сүре» (қысқа сүре) оқиды да рукуғы мен екі сәждеден кейін «ат-тахият» дұғасына отырады.
  • Тәшәһһуд дұғасынан кейін «Аллаһу әкбәр» деп, жіберіп алған үш рәкәғаттың екіншісіне тұрады.
  • Мұнда да бисмиллә, фатиха және зәм сүре оқылады. Рукуғ және сәждеден кейін (отырмай) «Аллаһу әкбәр» деп оқылмаған үшіншіге тұрады.
  • Үшіншіде тек фатиха сүресі оқылып, рукуғ пен сәждеден кейін соңғы тәшәһһуд, салауат және рәббәнәны айтып намазын сәлеммен бітіреді.

6.Жолаушы адам сүннет намаздарын да қысқартып оқи ма?

Сүннет намаздары парыз намазының кем-кетігін толықтырушы рөлін атқаратындықтан, жолаушылық кезінде сүннетті мүмкіндік болса, оқығаны жақсы, оқымаса күнә емес. Сүннет намаздарын оқыған жағдайда қысқартпай толығымен оқиды[9].

7.Жолаушы ақшам намазын да қысқартып оқиды ма?

Жолаушы тек төрт рәкәғатты парыз намаздарын ғана екіге қысқартып оқиды. Ал, ақшам намазының парызын қысқартпай, толығымен үш рәкәғат етіп оқиды.

8.Бесінде қамат түсіріліп жатса, сүнетін оқимын ба?

Сіз айтып отырғандай әлдекім, бесін намазына мешітке келгенде қамат түсіріліп жатқан болса, немесе жамағат парызға бастап қойған болса, сүннетті оқымай жамағатқа келіп қосылады. Жамағатпен парызын оқып болғаннан кейін алдыңғы оқымаған сүннетін оқиды. Өйткені «Сахих Муслимде» келген бір хадисте Алла елшісі былай деген «Қамат түсіріліп жатқанда парыз намазынан басқа намаз оқылмайды»[10]

Оқылмаған әлгі төрт бас сүннетті парыздан кейін оқылатын екі ракағат намаздан бұрын оқыған абзал[11]. Бұл сүннетке бастамаған кісі үшін.

Ал бір кісі бесіннің алдыңғы сүннетін оқып бастаса және азаншы қамат түсіріп жамағат парызға тұра бастаған жағдайда, бұл сүннетті екіге толтырып аяқтайды да, жамағатқа ілеседі. Толық оқылмай қалған төрт ракағат сүннеттін парыздан кейін төрт рәкәғат етіп өқиды. Сүннеттің үшінші рәкәғатының сәждесіне барған уақытта қамат түсіріліп жатса, төртке толтырып соңына дейін оқып бітіріп, жамағақа ілеседі[12].

9.Қаза намазы бар адам сүннеттерді оқымау керек пе?

Кісінің қаза намаздары нәпіл намаз, сүннет намаздарды оқуына кедергі емес[13]. Әрине қаза намазды кешеуілдетпей, ертерек өтеп алғаныңыз дұрыс. Десе де, духа, әууәбин сыңды хадистерде келген нәпіл намаздарды да оқудың еш бір айыбы жоқ. Және олардан сауап аласыз.

Бұл жайында Ханафи ғалымдары былай деген: 

  • «Нәпіл намаздарынан бұрын қаза намаздарын өтеп алған абзал әрі маңыздырақ. Дегенмен, қазасы бола тұра парыз намаздарында оқылатын сүннеттер, духа, тәспих, екінтінің алдындағы төрт ракағат нәпіл, ақшамнан кейін оқылатын алты ракағат нәпіл сияқты хадистерде айтылған намаздарды оқуына да болады»[14]

10.Намаз оқып жатқанда уақыты шығып кетсе, не істеймін?

Әбу Һурайрадан жеткен бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Кімде-кім бір рәкәғатқа үлгерген жағдайда, толық намазға үлгерген боп саналады», - деген[15]. Сондықтан, намаз уақыты шықпай тұрып ең кемі бір рәкағатты оқып үлгерсеңіз, ол намазды уақытында оқыған болып есептелесіз. Қалған рәкәғаттарын тәмәмдап, намазыңызды бітіресіз. Қайта қазасын өтеудің қажеті жоқ. Тіпті  «уақыты шықпай тұрып ифтитах тәкбірін алып үлгерген болса, ол намазы уақытылы оқығанға есептеледі» дейтін ғалымдарымыз бар. 

Алайда таң намазының үкімі басқа. Дәлірек айтқанда, таң намазын оқып жатып күн шығып кеткен жағдайда, намаз бұзылады. Кейіннен қазасын өтеу керек. Өйткені Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде: "Кімде-кім, таң намазының бір рәкәғатын оқып, кейін күн шығып кетсе, таң намазын (қайта) оқысын[16], - деген. 

11.Намазда тақия киюдің үкімі қандай?

Намазды басқа сәлде немесе тақия киіп оқу - сүннет.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды сәлдесін киіп оқыған. Намазды жаланбас оқуды ертеректе Ханафи ғалымдары мәкрүһ санағандықтары жасырын емес.

Бұл жайында Ханафи кітаптарында былай делінеді:  

«Ер кісілердің  мүмкіндіктері бола тұра, ерініп немесе (басына кигенді) ауыр көріп (إِسْتِثْقَالاً) намазды жалаңбас оқулары (жеңіл) мәкрүһ. Өйткені мұнда ықылассыздық (ترك الوقار) бар. Алайда, Алланың алдында өзін төмен санау, Жаратушының алдында әлсіз екендігін білдіру мақсатында жалаңбас оқыған болса, мәкрүһ емес. Дегенмен, онда да жалаңбас оқымаған абзал. Өйткені Намаз хушуъға негізделеді (яғни үміт пен қорқыныш сезіміне...)»[17]Ендеше, мүмкіндігінше намазды тақия киіп оқыған абзал. Бірақ, тақиясыз оқыған кісінің де намазы дұрыс.  Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

12.Үйде майкамен намаз оқыса бола ма?

Намазда жабылуы тиіс жерлерін жауып, үстіне көйлек кимей, ер кісі тек майкамен ғана намазға тұрса, оқыған намазы бұзылмайтыны анық. Бірақ өзге киетін киімі бола тұра, майкамен намаз оқу - әдеп жағынан құпталмайтын әрекет екенін де білгеніңіз жөн.

Хадисші Байһәқидің риуаят етуі бойынша Әзірет Омар Нәфиъдің бір киіммен намаз оқып жатқанын көреді. Сонда оған қарап:

-  Саған екі киім берілген жоқ па еді?, - деп сұрайды.

-  Иә - дейді Нәфиъ. Әзірет Омар:

-  Егер мен сені Мәдинадағы әлдекімге жөнелтсем, осы бір киіммен барар ма едің? – деп тағы сұрайды.   

-  Жоқ, дейді. Сонда Әзірет Омар:

-  Олай болса, қайсысы сәнденуіңе лайығырақ: Алла ма, әлде адамдар ма?! – деген екен[18].

Ендеше, мұсылман кісі намазға қалай болса солай емес, Ұлық Жаратушының алдында тұрғандығын сезініп, үстіне киетін киімін де мүмкіндігінше ретке келтіруді ұмытпауы тиіс. 

13.Намазда қанша рәкәғат оқығанын шатасқан адам не істейді?

Бұл мәселені үш жағдайда қарастыруға болады:

А) Намаз оқығанда сирек шатасатын кісі намазда қанша рәкәғат оқығандығын білмесе, намазын қайта оқығаны жақсы.  Сахаба Абдулла ибн Омар: «Егер мен қанша рәкәғат оқығанымды білмейтін болсам, намазымды қайта оқимын»,[19] - деген.

Ә) Намазда қанша рәкәғат оқығаны жайында жиі шатасатын кісі егер намаз оқып тұрып «мынанша рәкәғат оқыдым» деген ойы басым болса, өзі іштей тоқтамға келген рәкәғаты бойынша намазын тәмәмдайды да, артынан сәһу сәждесін орындайды. Мысалы, таң намазын оқу барысында «екі рәкәғат оқыдым ба, әлде бір рәкәғат оқыдым ба» деп күмәнданып,  артынша   бір рәкәғат оқығаны басым түсіп, іштей сол тоқтамға келсе, екінші рәкәғатын оқып, соңында сәһу сәждесін жасайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде:«...Кімде-кім, намазында күмәнға түссе,  ең дұрыс дегеніне тоқтасын (фәл-ятахарра әс-сауабә), сосын соны негізге ала отырып, намазын тәмәмдасын. Артынан сәлем беріп, екі сәжде жасасын»[20], - деген.

Б)Намазда қанша рәкәғат оқығаны жайында жиі шатасатын кісі нешінші рәкәғат екенін таңдай алмай қиналса, ол кісі - азын таңдайды. Бірақ бұл кісі әр рәкәғатына тәшәһһуд отырысына отыруы керек[21]. Себебі, бірінші деп отырған рәкәғаты екінші, ал үшінші рәкәғат деп санағаны төртінші болуы мүмкін.   Мысалы, төрт рәкәғат намаздың бірінші мен екінші рәкәғат арасында күмәнға түскен кісі, бірінші рәкәғатын таңдайды. Төрт рәкәғаттың төртеуінде де тәшәһһуд дұғасына отырады. Намаз соңында сәһу сәждесін жасайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім, намазында бір рәкәғат немесе  екі рәкәғат оқығандығын білмесе, онда - бір рәкәғат оқыдым деп алсын. Егер екі рәкәғат немесе үш рәкәғат оқығандығын білмесе, екі рәкәғат оқыдым деп алсын. Егер де үш рәкәғат немесе төрт рәкәғат оқығандығын білмесе, үш рәкәғат оқыдым деп алсын. Және сәлем бермей тұрып екі сәжде жасасын»[22], - деп бұйырған.

14.Парыздың үшінші және төртінші ракағатында тек фатиха оқу керек пе?

4 ракағатты сүннет намаздарының бәрінде фатиха және қосымша бір сүре оқу - уәжіп. Ал парыз намаздарында тек әуелгі екі ракағатында фатиха және сүре оқу – уәжіп, қалған екі ракағатында тек фатиханы ғана оқу – сүннет. Ал оған қосымша сүре не аят қосу – мәкрүһ[23]. Бірақ бұл намазды бұзбайды. 

15.Үтір намазының қазасы бар ма?

Әбу Дәуідтің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім ұйқтап қалып немесе ұмытып кетіп үтір намазын жіберіп алса,  онда оны есіне түскен кезде оқып алсын»[24], - деп бұйырған. Осы хадиске қарай отырып ғалымдарымыз: «құптан намазының қазасын өтейтін кісі үтір намаздың да қазасын өтеуі тиіс»  - деген тоқтамға келген[25]. 

16.Намазда имамның дәреті бұзылса, не істейді?

Даруқутнидің сүнәнінде келтірілген бір «мауқуф» хадисте былай делінеді: «Жамағатқа имам боп тұрған кезде, қарнында бір нәрсе сезсе немесе мұрнынан қан ақса яки құсса, киімін мұрнына қойсын да  жамағаттағы бірісінің қолынан ұстап, алдыға шығарсын»[26].

Айша анамыздан риуаят етілген тағы бір хадисте, Пайғамбарымыз былай деген: «Сендерден кім намазда тұрып дәреті бұзылса, мұрнынан ұстап, (намаздан) кетсін»[27].

Яғни, намаз оқып тұрып дәреті бұзылған имам артқа шегінеді де, мұрнын ұстап, сөйлеместен, артындағы ұйып тұрған жамағаттың ішінен өзіне жақын тұрған кісіні киімінен тартып немесе ишарамен алға шығуын білдіреді.  Мысалы, имамның дәреті сәждеде бұзылды делік. Имам «Аллаһу әкбәр» деместен, сәждеден басын көтеріп, арттағы бір кісіге тоқтаған жерінен жалғастыруын ишара етеді. Аллаһу әкбәр деп басын көтерген жағдайда бәрінің намазы бұзылады. Рукуғда да дәл солай.

Имамның дәреті сәждеде бұзылса, сәждеден жалғастыруын келесі имамға білдіруі үшін саусағын маңдайына қояды. Рукуғта бұзылса, саусағын тізесіне қояды.

Оқылмай қалған рәкәғат саны біреу болса, бір саусағымен, екеу болса, екі саусағымен көрсетеді. Қырағат етіп жатқанда бұзылғанын көрсету үшін қолын аузына қояды.

Өзі сөйлеместен, дәрет алып келіп, алға шыққан имамға ұйып, оқымаған намазын тәмәмдайды.

Имам ешкімді орнына қоймаған болса, имам (дәрет алу үшін) мешіттен шықпай тұрып, жамағаттан бір кісі оның орнына өтеді де, ары қарай намазды жалғастырады. Ал, имам мешіттен шығып кеткенше, ешкім имамдыққа өтпесе, жамағаттың намазы бұзылады[28].

ЕСКЕРТУ: Дәреті бұзылған имам, намазды бұзатын өзге артық әрекеттерді жасамауы тиіс. Яғни, дәреті бұзылған имам, жүру, дәрет алу сияқты керекті әрекеттерден тыс, өзге бөтен әрекет жасайтын болса (мысалы: күлу, сөйлеу, бір нәрсе жеу т.б.) онда имам намазын қалған жерінен ары қарай жалғастыра алмайды, өзі жеке намазын басынан оқиды.

17.Намаздағы бөтен ойлардан қалай құтыламын?

Адам баласының ойы шексіз екені мәлім. Пенде болғаннан кейін намазда да еріксіз санқилы ойдың келуі табиғи жайт.  Мұнда шайтан малғұнның да үлесі жоқ емес. Өйткені, азан айтылып, қамат түсіріліп болғаннан кейін ол намаздағы адамға келіп, жай уақытта ойына келе бермейтін нәрселерін еске түсіріп тұрады екен. Осылайша адам шатасып, қанша рәкәғат оқығанын білмей дал болады[29]. Дегенмен «ифтитах тәкбірін» тартқан кісі, ойын жинақтап, бар ынтасын намазға шоғырландыруға тырысуы керек. Ол үшін  әр қимылда айтылатын тәкбірдің, сәжде мен рукуғта айтылатын дұғалардың мағынасын іштей ұғынып оқыңыз. Бұл ойыңыздың намазға шоғырлануына көмекші болады. Мысалы, «Аллаһу әкбәр» деп тәкбір тартқанда «Алла ұлық» деген мағынасын да санаңызға келтіріп тұрыңыз. Рукуғ пен сәждеде айтылатын дұғаларды да солай мағынасымен түсіне отырып орындаңыз.

18.Тиләуәт сәждесі мәкрүһ уақытта жасала ма?

Кісі бұрын оқыған немесе естіген «Тиләуәт сәждесін»[30]мына уақыттарда жасамайды:

1. Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт ішінде.

2. Күннің дәл тас төбеде. (Шамамен бесін уақытысынан бұрын 40 минут)

3. Күннің қызарып батуға бет алуымен, толықтай батқанға дейінгі уақыт арасында.

Осы үш уақытта ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз оқудан, жаназа шығарудан тыйған. Тиләуәт сәждесі де намазға ұқсас болғандықтан, оны да аталмыш уақыттарда жасауға болмайды.

Бірақ, егер, осы үш уақыттың бірінде тиләуәт сәждесін оқыған болса, немесе естіген болса, онда сол сәтте тиләуәт сәждесін жасауға рұқсат. Сонда да, кейінге қалдырған абзал.

Аталмыш үш уақыттардан өзге уақыттарда тиләуәт сәждесін жасауға болады. Мысалы: Таң намазы кіргеннен, күн шыққанға дейінгі уақыт арасында; Асыр намазынан кейін, күннің қызарып батуға бет алуына дейінгі уақыт аралығында т.б.[31] .

[1] Әбу Дауд, Салат, 11 , Хадис нөмері – 435,443.;
[2] Байхақи риуаят еткен хадис.
[3] Абдур Раззақ – 1971.
[4]  А)Имам Маусули (р.а.), Ихтияр: 1-том, 140 бет. Дамаск;   Ә)Абдуль Хамид Тохмаз, 1-том, 190 бет.  Б).Donduren, Islam ilmihali: 271 бет Стамбул.
[5] Бахрур Ра-иқ – 2/47 бет.
[6] Бухари, Китабуль Либас – 5615 хадис.
[7] Туһмәз, әл Фиқһуль Ханафи – 1/233 бет.
[8] Бухари, Китабус Сала – 366 хадис.
[9] [1] Дамад Ефенди, Мүжмәғуль Әнһур, 1/239 бет.; Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 1/466.
[10] Муслим, Салатуль Мусафирун – №710 хадис.
[11] Хидая, «Бәбу идракиль фариза», 55 бет.
[12]Аләуддин ибн Ъабидин - әл-Һәдия, 100-бет.
[13] Әл-Фәтәуә Әл-Исләмия мин Дәриль Ифта – 1/64 бет.
[14] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 2/536 бет.
[15] Имам Мәлик Муатта – Уқутус сала, 1515.
[16] әл-Хаким, әл-Мустәдрак.
[17] Шурнубуләли – Имдадул Фаттах «Макрухатус сала».  390 бет.
[18] Әл-Бәйһәқи - №3175 хадис.
[19] Ибн Әби Шәйбә: әл-Мусаннаф
[20] Сахих Бухари – мә жә филь қыблә - №401 хадис.
[21] Әл-Бинәя – 2/630-634 бет.; Бәдәиъ – 1/695-697 бет.; Әл-Ихтияр – 1/252 бет.; Омер Насухи Білмен – Ғылымхал.
[22] Тирмизи: әбуәбус сәһуи– №398 хадис.
[23] Әз-Зубайди, Әл-Жаухара – 94 бет.
[24] Әбу Дәуід: Китабус сала – бәбу тәфриъи әбуәбил уитри - №1431 хадис.
[25] Бадаиғ – 2/227 бет.
[26] Дәруқутни: Китабут тахарат – Бәбун фил узу минал Хариж.. - №510. Әлсіз Хадис.
[27] Әбу Дәуід - №1114; Ибн Мәжә - №1222.
[28] Фәтәуә әл-Һиндия: Истихлаф – 1/107 бет. ; әл-Биная – 2/377 бет, әлхадас фис сала.
[29] Фатхуль Бари би Шархи сахихиль Бухари, Китабуль амаль фис сала – 1164- хадис.
[30] «Тиләуәт сәждесі» дегеніміз не? Бұл жайында мына сілтемеден оқи аласыз:  http://islam.kz/kk/questions/aielge-qatysty/haiyz-uaqytynda-tilauat-sajdesin-estise-ne-isteu-kerek-52/
[31] Әл-Фәтәуә әл-Хиндия – 1/59 бет; Әл-Биная шархул хидая – 2/62 бет.; Ислам ғылымхалы – 128 бет.

Абдусамат Қасым