Жаңа жылға қатысты үш сұрақ
Жаңа жылға қатысты үш сұрақ
9 жыл бұрын 27930

-Әссәләмуғалейкум! Бүгін 31-желтоқсан күнін ата-анам дастархан жасап күтеді. Мені дастарханға дәм татуға шақырса, не істеуім керек? Сахинұр.

-Уағалейкум әссәләм! Дастарханға арақ-шарап қойылмаған болса, ата-анаңыз жайған дастарханға отырудың, ондағы адал тағамнан дәм татудың күнәсі жоқ деген пікірдеміз. Әбу Бәкір ибн Әби Шәйбаның «әл-Муссаннаф» атты хадистер жинағында орын алған бір мәліметте сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) өз жанұясына: «Наурыз мерекесіне орай мәжусилер (отқа табынушылар) жеміс-жидек әкеп берген болса, алып жеңдер, ал ет әкелсе жемеңдер», – деген екен[1]. Осы мәліметке сүйенсек, аталмыш мейрам мұсылмандардың мерекесі ретінде саналмағанымен, жаңа жылға орай жайылған дастарханнан дәм ауыз тиюдің ешқандай ағаттығы жоқ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

-Бүгін жаңа жылға қарсы туған-туыстар телефон арқылы құттықтап, тілектерін білдіріп жатады. Олардың тілектерін қабыл алсам немесе тілектеріне тілекпен жауап берсем күнә мә? Муслимка.

-Жалпы алғанда, айтылған жақсы тілектерге рахмет білдіру, тілектерге тілекпен жауап қайыру – күнә деген нәрсе шариғатта жоқ. Сондықтан, келер жылдың табысты, берекелді болуын тілеген кісіге: «Күнә  жасадың» - деп айту қиын.

-Кішкене қызым «аяз атаға» сенеді. Бұл ширк па? Дастан.

-Біріншіден, кішкене бала Алланың алдында жауапты емес. Сондықтан оның «Аяз ата» деген бір кейіпкердің бар екендігіне илануы «ширкке» жатпайды. Екіншіден, әртүрлі ертегіге, хикаяларға сенбейтін бала жоқ әлемде. Қызыңыздың «аяз ата» дейтін бір кейіпкердің бар екендігіне нануы да соның бір көрінісі.

Дегенмен «қызым, біз аяз атадан емес, бір жаратушы Алладан тілейміз» деген сияқты түсінген балаға насихат айтудың тәрбиелік мәні зор. 

Осы тұрғыда мына бір хадисті келтірудің ыңғайы келіп тұрған сыңайлы. Әбу Дәуідтің хадистер жинағындағы риуаят бойынша, Айша анамыздың екі қанатты ойыншық аты болған екен. Бұны Айша анамыз былай әңгімелейді:

Пайғамбарымыз (с.а.у) менен:

- Мынау не? – деп сұрады.

- Ат! – деп жауап бердім.

- Екі жанындағы не?

- Екі қанаты.

- Екі қанатты ат екен ғой?! – деді Пайғамбарымыз. Сонда мен:

- Менің естуімше, Сүлеймен пайғамбардың да қанатты аты болған екен, - деп айтқаным сол еді, Ол (с.а.у.) азу тісі көрінердей қатты күліп жіберді[2].

Осы хадистен байқағанымыздай, хикаяға сенген жас Айшаның (р.а.) бұл әрекетін Пайғамбарымыз (с.а.у.) сынамастан, керісінше қызық көріп күлген. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


[1] Аталмыш риуаят «Еліміздегі наурыз мерекесінің дінге қайшы жағы жоқ» атты мақаладан алынды. Мақала авторы: Қанат Жұмағұл.
[2] Әбу Дәуід – Сүнән: Әдәб. №4932 хадис.

Абдусамат Қасым