Ассаламуғалейкум! Намаз парыз болған уақыттан бастап каза болған парыздарымды өтеуге ниет етейін деп едім. Казір жасым 41 де. Намазды 39 жасымда бастадым. Каза болған парыздарымды қалай есептеуге болады?
Намазға келмей тұрып оқымаған (30 жылдық) намаздарымның қазасын өтеуім керек пе?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Ескі Ханафи фиқһ кітаптарында қаза намаздарына қатысты «жаңа қаза намаздары» және «ескі қаза намаздары» деген мағынаны білдіретін «әл-Фәуәиту әл-Хадисә», «әл-Фәуәиту әл-Қадимә» деген түсінік бар. Бұл түсінік – намаз бөлімінің «Сахибут тәртиб», яғни «тәртіп иесі» тақырыбында қарастырылған. Сонда Ханафи ғалымдарының бірсыпырасы «ескі қаза намаздарын» жоққа есептейді (мысалы, бір жыл не одан көп жылғы)[1].
Осының негізінде айтар болсақ, сіздің намазға келмей тұрған кездердегі 30 жылдық оқылмаған намаздарыңыз бен ұстамаған оразаларыңыздың қазасын өтеу қиынға соғары белгілі. Алла пендесіне қиындық қаламайды, жеңілдік қалайды. Сондықтан да, өтелмеген құлшылықтарыңызды Алланың кешіріміне қалдырып, бұдан былайғы намаздарыңыз бен оразаларыңызға ұқыптылық танытуыңыздың өзі жеткілікті болар.
Дегенмен, шама-шарқыңызша бұрынғы оқымаған намаздарыңыздың қазасын мүмкіндігінше өтеп тұрсаңыз, артықтық етпейді. Тым болмағанда, намаздың парыз екендігін білген уақыттан былайғы намаз қазаларын уақыт бөліп өтеп тұрған абзал. Ол үшін қаза намаздарды шамалап есептеп, күнде 15-20 минут уақыт бөлсе жеткілікті.
Немесе әр намаз соңында сол намаздың қазасын өтеп тұрсаңыз да болады. Уақыты белгісіз болғандықтан ниетті "ең соңғы қаза болған пәлен намаздың қазасын өтемекке..." деп жасайсыз. Мысалы: «Ең соңғы қаза болған пәлен намаздың (мысалы, бесін) қазасын өтемекке жүзімді құбыла тарапына бұрдым. Халисалиллаһи Таалә, Аллаһу әкбар» десеңіз болады. Алла қабыл етсін!
[1] Бәдруддин ал-Айни: «әл-Биная Шархуль Һидая» – 2 том. 594 бет; Имам Абдулла ибн Махмуд әл- Маусули: «әл-Ихтияр ли таълиль Мұхтар» – 1 том. 222 бет.