Намазға байланысты алты сұрақ
Намазға байланысты алты сұрақ
7 жыл бұрын 13626

- Бесін намазының алдыңғы сүннетіне кешігіп, парызға үлгерген адам парыздан кейін екі ракаттық сүннетті оқи ма, әлде 4 ракаттық сүннетті ма?

-  Алдымен екі рәкәғат сүннетті оқып аласыз. Одан соң оқылмай қалған алдыңғы төрт рәкәғат сүннетті оқисыз.

- Мен жамағатқа 3 ші рәкәғаттың қиямында келіп қосылдым. Қалған қиямдарымда зам сүре оқыла ма? 

- Иә, оқылады. Үлгермей қалған алдыңғы екі рәкәғатты имам сәлем бергеннен соң өз бетіңізше тәмәмдайтын кезде: біріншісін сәнә дұғасы мен әғузу-бисмилламен бастап, фатихадан кейін зам сүрені қосып оқисыз. Екіншісінде, «бисмилла» ғана айтылып, фатиха-зам сүре оқылады.

- Кредит алған адамның намазы қабыл болмайды дейді. Қаншалықты рас?   

- Исламда өсім жеу де, біреуге өсім жегізу де күнә. Сол себепті, ол нәрсе намаздың сауабына немесе дұғаның қабыл болу-болмауына кері әсерін тигізбей қоймауы мүмкін. Дегенмен, Алланың қалауындағы нәрсе. Оқи беріңіз. Алла парыз еткеннен кейін, ол бұйрықты орындау керексіз. Кредит алғаныңыз үшін бөлек жауаптысыз, намазыңыз үшін бөлек жауап бересіз. Оның үстіне, мәжбүрлік жағдайлар дінімізде ескеріледі.  

- Футболкамен намаз оқудың үкімі қандай?

- Футболкамен оқуға рұқсат.

- Намазда сәждеде қазақша дұға тілеуге бола ма? Ол тек аят хадистегі дұғалардан болуы тиіс па?  Өз мұқтаждығымды қазақша тілеуге бола ма?

- Алладан ғана сұралуы мүмкін нәрселерді қазақша сұрауыңызға рұқсат. Мұндай дұғалар намазды бұзбайды. Ал егер тілегіңіз адамдардан да өтініп сұрауға болатын нәрселерді қамтитын болса, мұндай тілектер намазды бұзады. Бұл – намаз ішінде. Ал, намаз аяқталғаннан соң қол жайып, қалағаныңызды сұрай бересіз.

- «Балам жарыстан бірінші орын алсын, жолы ашық болсын» деп, намаз барысында сәждеде тілеп жіберген жағдайда намаз бұзыла ма?

- Оған бұзылмайды. «Ат шаба ма, бақ шаба ма» демекші, жарыстарда жеңіске жету де нәсіп мəселесі болғандықтан намаз бұзылмайды, ондай тілек - Алладан ғана сұралуы мүмкін тілектер қатарынан саналады.  

Абдусамат Қасым