Ассаламуғалейкум! Неге араб тілінде оқимыз дегенге қарапайым, түсінікті тілде Құраннан дәлел келтіріп жауап беріңізші. Басқаларға айтып жүрейін. Жолымбет.
«Намазда Құран сүрелерін арапша оқу керек» дегенге Құраннан дәлел бар ма?
|
Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімді анық арабша тілде түсіргенін айтады1. Бұл дегеніміз, Құранның түпнұсқасы - арабша. Сондықтан да, көктен түскен Құранның араб тілінде болуы - оның (Құранның) бірегей сипаты. Өзге тілге аударылған Құран, ол - Құран емес, Құранның аудармасы.
Қарапайым бір мысалмен түсіндірер болсақ. Мысалы, қазіргі таңда жасанды алтын түрі бар, таза алтын бар. Жасанды алтынды нарықта «пинчбек» деп атайды. Жасанды алтын - шын алтынның орнын баса ала ма? Баса алмайды. Мың жерден ұқсас болса да, жасанды алтын ешқашан шынайы алтынға жетпейді әрі бағасы да шын алтынның бағасынан әлдеқайда төмен болады, және де, жасанды алтыннан жасалған әшекей - таза алтыннан жасалған әшекейдің орнын баса алмасы сөзсіз. Құранның түпнұсқасы мен Құранның өзге тілге аударылған аудармаларының да айырмашылығы тура сол секілді. Құранның түпнұсқасы - көктен түскен асыл, ал аудармалары - жасанды. Ендеше, аудармалар киелілік жағынан да, аяттардың астарында сақтаулы мағыналары жағынан да ешқашан Құранның орнын баса алмасы анық.
Ендіге жерде бір мемлекет басшысына, яғни, президентке алтыннан сыйлық сыйлайтын болсаңыз, алдына таза алтыннан жасалған бұйымды алып барасыз ба, әлде жасанды алтынды алып барасыз ба? Әрине, таза алтынды алып барасыз. Ешқашан бір мемлекет басшысына жасанды алтыннан сыйлық апармайсыз, жасанды алтын бергенше, сыйлық сыйламай-ақ қойғаным артық дейсіз. Олай болса, әлемнің патшасының алдына тұрар кезде (яғни, намазда) неге жасанды нәрсені оқып тұруымыз керек? Одан да өлең шығарып соны оқып тұра бермедік пе? Алла Тағаланың өзі асыл, ол асылды жақсы көреді. Сондықтан, намазда Құранды асылынан оқуымыз керек. Ал намаздан тыс уақытта аудармасын оқи берсеңіз болады.
Құраннан дәлел
Ал енді оған Құраннан дәлел бар ма? - дегенге келсек, Құран Кәрімде намаз оқитын кезде Құран сүрелерінен жеңіл келгенін оқыңдар деп бұйырады Алла Тағала. «Мүзәммил» сүресінде былай дейді:
فَاقْرَءُوا مَا تَيَسَّرَ مِنْهُ ۚ وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ
«Құраннан жеңіл келгенін оқып, намазға тұрыңдар!...»2.
Аталмыш аятта әркім намазға тұрғанда өзі білетін Құран аятын немесе өзі білетін Құран сүресін оқуы керек екендігін білдіріп тұр. Енді аяттағы «Құраннан...» деген сөзінен - оның «түпнұсқасын» айтып тұрғандығын ұғыну қиын емес. Өйткені аудармалар Құран саналмайды. Осыдан да намаздарда сүрелер арабша оқылу керек екендігін түсінеміз. Осы тұрғыда айта кетелік, аталмыш аятқа қарап Имам Ағзам Әбу Ханифа «намазда ең кемі бір аят оқу намаздың парызы» деген үкім бекіткен, бұл дегеніміз намазда Құраннан еш нәрсе оқылмаса, намаз бұзылады деген сөз.
Одан басқа намаз дұғаларының да арапша оқылуының себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз сөзінде: «мен қалай намаз оқысам, солай оқыңдар!» деп бұйырған болатын. Намаз дұғалары Пайғамбарымыз (с.а.у.) тарапынан арнайы үйреткен дұғалар болғандықтан, оны да дәл Пайғамбар үйреткендей арабша оқуымыз тиіс. Егер намазды әркім өз тілінде оқи беруге болатын болса, намаз қимылдарын да әркім өз ұлтына сай өзгертіп орындай берер еді. Намаз қимылдары қалайша бір тәртіпте, өзгеріссіз орындалу керек болса, Пайғамбар бекіткен намаз дұғалары да өзгеріссіз түпнұсқасында оқылуы керек. Себебі ол дұғалар арабтың ауыз әдебиетінен алынбаған, ол дұғалар Пайғамбарлық қайнаркөзден шыққан дұғалар. Сондықтан да, оларды намазда Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйреткендей түпнұсқасында оқуымыз керек. Намаздан тыс уақыттарда дұғалардың қазақша аудармаларын оқи берсе болады. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1 «Шуғара» сүресі, 195 аят.
2 «Мүзәммил» сүресі, 20 аят.