Намазда қандай да бір жазуды көріп оқып қойсам, намазым бұзыла ма?
Намазда қандай да бір жазуды көріп оқып қойсам, намазым бұзыла ма?
10 жыл бұрын 5050

Намазда тұрып қандай да бір жазуды оқып қойсақ, намазымыз бұзыла ма? Аймақов Елдар

Егер намазда әлгі жазуды көріп қана қоймай, сонымен қатар тілмен оқыған болсаңыз, намазыңыз бұзылады. Себебі, намазда оқылуы тиіс Құран аяттары мен дұғалардан тыс адам сөзін тілге келтіру  – намазды бұзады.

 Мұъауия ибн әл-Хәкәм әс-Сәләми атты сахабадан риуаят етілген бір хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.у):«...Намазда адамның өз жанынан айтылған сөз болмауы керек. Шындығында намаз – Алланы пәктеу, Оны ұлықтау және Құран оқудан тұрады», – деген.[1]

Ал көрген жазуды тілге келтірмей, тек ойыңызша ғана оқыған болсаңыз, онда намаз бұзылмайды. Себебі, көңілдегі дүниелер намазды бұзбайды.

Бірақ, намазда бола тұра әдейі қандай да бір жазуға көңіл аудару – мәкруһ. Өйткені, намазға тұрған кісі «ифтитах тәкбірін» алғаннан кейін, барлық ықыласы мен көңілін намазға шоғырландыруға тырысуы керек. Өзге нәрселерге көңіл аудару ықыласты бұзады. Жаратушы Иеміз Құранда: «Оларға дінді тек Аллаға арнап, Ханифтер секілді Оған ықыласпен құлшылық ету... бұйрылды»[2], – дей келе құлшылығымызға ықылас білдіру керек екендігін бұйыруда.

[1] Сахих Муслим: «Бәбу тахримул кәләм фис сала», №537 хадис.
[2] Бәйинә сүресі, 5-аят.

Абдусамат Қасым