Намазда «Аллаһу әкбәр» сөзін «әкбәәр» деп созып айтса, намаз бұзыла ма? Қалай айтса бұзылады?
Намазда «Аллаһу әкбәр» сөзін «әкбәәр» деп созып айтса, намаз бұзыла ма? Қалай айтса бұзылады?
3 жыл бұрын 6601

Ассаламуғалейкум! Намаздағы "Аллаһу әкбәр" сөзін "әкбаааар" деп "а"-ны созсаңыз не болады? Намаз бұзыла ма? Қазақ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

1) Егер, «Әәкбәр» деп, бастапқы «Ә» әріпін созса, намаз бұзылады, онда ғалымдар арасында талас жоқ. Өйткені «Әәкбәр» деп айтқан уақытта, басына араб тіліндегі «(Ә)» сұраулық шылауын алып келген боламыз да, мағынасы: «Алла ұлық па?» деген ұғым шығады. Бұл, әрине, намазды бұзады. Тіпті, әдейі солай «Әәкбәр» деп бастапқа «ә» әріпін созып айтқан адам, әдейі айтқаны үшін кәпір болады делінген.  Өйткені олай айтқан адам Алланың ұлықтығына күмәнданған болады, әрине бұл біліп тұрып айтқан адамға қатысты, білмей немесе байқаусызда айтқан адам кәпір болмайды.  

2) Ал, егер, сұрақтағыдай «Аллаһу әкбәр» сөзін «әкбәәр» деп, ортадағы «ә» әріпін созып айтса, намаздың бұзылатындығына қатысты ғалымдар арасында талас бар. Бір бөлік Ханафи ғалымдарымыз намаз бұзылады десе, басқа бір сыпырасы намаз бұзылмайды деген[1]. Өйткені «Әкбәәр» деп айтқан жағдайда мағына өзгермейді. Дегенмен, «қате айтылған» болып, мәкруһ саналады. Сондықтан да, абайсызда айтып қалған кісінің немесе білместіктен солай айтып жүрген кісінің намазы саналады, ал әдейі солай айтқан адамның намазы бұзылады деуге болады.  Сол себепті, «Аллааһу әкбәр» деп, «әкбәр» сөзіндегі «ә» әріптерін, басында да, ортасында да созбай, қысқа «ә»-мен айтуға дағдылану керек.

3) Сондай-ақ, «Аллаһу әкбәр»-дағы "Аллааһ" сөзінде де, бастапқа "А" сөзін созбай қысқа "А"-мен айту шарт. "Ааллаһ әкбәр" деп, Аллаһ сөзінің  басындағы "А" әріпін созып айтқан жағдайда да намаз бұзылады. Мұны да біле жүрген жөн.


[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 2/179 бет; «Мәжмәъуль әнһур». 1/137 бет.

Абдусамат Қасым