Мешітте намаз оқығанда саптағылардың арасы ашық тұрады. Бұның үкімі қандай? Намаз дұрыс па?
Мешітте намаз оқығанда саптағылардың арасы ашық тұрады. Бұның үкімі қандай? Намаз дұрыс па?
4 жыл бұрын 5592

Ассаламуғалейкум! Ұстаз, намазда арақашықтықты сақтап оқу қандай фәтуаға негізделген? Медет.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намазда саптың түзу әрі тығыз болғаны жөн. Үкімі – сүннет. Егер, саптағылардың арасы ашық болса, мәкруһ болады. Дегенмен, намазда иық тіресіп тұру намаз шарттарынан саналмағандықтан, саптағылардың арасы ашық болған жағдайда намаз бұзылмайды, намаз дұрыс.

Ал, енді қазіргі жағдайға байланысты мешіттерде арақашықтықты сақтай отырып намаз оқу мәселесі қандай фәтуаға негізделеді? – дегенге келер болсақ, фиқһ ғылымында мынадай жалпылама ереже бар:

" اذا تعارضت مفسدتان روعي اعظمهما ضررا بارتكاب اخفهما."

«Егер, екі зиянды нәрсе бір-біріне кереғар келіп қалса, зияны жеңілдеуін орындау арқылы, зияны ауырлауын болдырмау керек». 

Біздің жағдайда екі зиянды нәрсенің бірі - жұманы тәрк ету. Екіншісі - сапты толтырмай, арасын ашық қалдырып оқу.

Жұманы оқымау – харам. Ал, саптағылардың арасын ашық қалдыру – мәкруһ. Харам мен мәкруһты таңдау мәселесінде жеңілдеу болған мәкруһ амалы таңдалып, харамды болдырмау жағына мән беріледі. Осылайша, мәкруһ болса да арақашықтықты сақтай отырып жұманы жамағатпен оқу керек болады.

Мұны бес уақыт намазды жамағатпен оқу мәселесіне де байланысты айтсақ болады. Мешітте жамағатпен оқуды тәрк ету ауыр ма, әлде саптың арасын ашық қалдыру ауыр ма? Әрине, мешітте жамағатпен намаз оқуды тәрк ету ауырлау. Сондықтан да, мешіт қаңырап бос тұрғаннан гөрі, арақашықтықты сақтай отырып болса да мешітте жамағат намазы оқылып тұрғаны дұрыс. 

Сондай-ақ, дінімізде "жамандықты бейтарап ету - жақсылықты жақындатудан бұрын келеді" деген қағида тағы бар. Оның арабшасы: 

درء المفاسد أَولى من جلب المصالح

Яғни, сапта иық тіресіп тұру - сауап, бірақ қазіргі жағдайда жақын тұру - індеттің таралуын тудыруы мүмкін. Сондықтан да, жоғарыдағы қағидаға сәйкес, ең әуелі індетті жұқтырмау жағына мән беріліп, індеттің таралуын болдырмас үшін уақытша арақашықтықты сақтап тұру жағы таңдалады.

Абдусамат Қасым