Ассаляму алейкум, ұстаз! Мәсі калошпен ұзақ уақыттан бері намаз оқып жүріп, кейін калоштың ұлтарағы шошқаның терісінен жасалғанын байқадық. Ондай жағдайда не істеу керек? Намаздарды қайта оқиды ма? Екі қыстың намазы. Ал мәсіні неше рет жуу керек болады?
|
«МӘСІМНІҢ ҰЛТАРАҒЫ ДОҢЫЗ ТЕРІСІНЕН ЕКЕН. НАМАЗДАРЫМ НЕ БОЛДЫ?»
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһ!
Төрт мәзхабтың төртеуінде де қабыл етілген пәтуа бойынша: доңыздың терісі иленсе де тазармайды, сәйкесінше онымен оқылған намаздарды да қайта оқу керек. Біздің мәзхабта қабыл етілген пәтуа да осы жөнде. Әйткенмен, Ханафи мәзхабының ішінен ғұлама мүжтәһид Имам Әбу Юсуф (рахимаһуллаһ): «доңыздың терісі иленген жағдайда, тазарады!» деген пікір білдірген1, өйткені хадисте: «Қандай тері болса да иленген жағдайда тазарады» делінеді2. Бұл пікірді Заһири мәзхабының белді өкілі Ибн Хазм да (рахимаһуллаһ) ұстанады.
Қысқасын айтқанда:
-
Көпшілік ғалымдар бойынша, намаздарыңыз есептелмейді, қайта оқисыз.
-
Имам Әбу Юсуф бойынша намаздарыңыз есептеледі, қайта оқудың қажеті жоқ.
Сіздің жағдайда (яғни, екі қыстың намазы болғандықтан) екі пәтуаның қай-қайсысын алсаңыз да күнәсі болмас. Біріншісі – тақуалық әрі абзалы осы. Екіншісі – жеңілдік.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1 «Шәрху Мұхтәсариль Кәрһи». «әл-Мұхит әл-Бұрһани».
2أيما إهاب دبغ فقد طهر