Мәйітті қабірге қойғанда қай жаққа қаратып жатқызу керек?
Мәйітті қабірге қойғанда қай жаққа қаратып жатқызу керек?
5 күн бұрын 5868

Ассаләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жергілікті жерде мәйітті жерлегенде құбылаға қарату жайы үлкен дау болды.

1. Оң жағына қиғаштап, оңжағын жүзін құбылаға қарату, мәйіт құбылсға перпендикуляр көлденең салынады;
2. Төбе жағымен, басы құбылаға қарай бағытталады;
3.Аяғы құбылаға қарайды. Періштелер оны отырғызғанда жүзі құбылаға қарайды деп түсіндіреді. Ешқайсысының дәлелі жоқ. Тек өз ойлары ғана.

Осының жауабы бар ма? Мәке.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Ең алдымен мәйіт қабірге құбыла жақтан кіргізіледі. Яғни, мәйіттің денесі қабірдің құбыла жақ тұсына қойылып, кейін қабірге түсуші кісілер оны құбыла жақтан ақырындап алып, лахидке қояды. Бұл – мұстахаб (ұнамды). Сахаба Абдулла ибн Аббас және Абдулла ибн Омар (р.а.): «Мәйіт қабірге құбыла жақтан кіргізіледі», - деген[1]. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) «Зүльбижәдәйн» дейтін Абдулла есімді сахабаның денесін құбыла жақтан алып, қабірге қойған[2]. 

Одан соң, мәйіт ішкі үйіне (лахид) қойылғанда құбылаға қарата оң жақ қырымен жатқызылады[3]. Шалқасынан немесе етпетінен жатқызылмайды. Ішкі үйіне орналастырғаннан кейін кебіндегі байланған байлаулар шешіледі[4]. 

Осы тұрғыда мәйіттің денесін қоюшы кісілердің: «бисмилләһи уә алә милләти Расулилләһи» деп айтқандары сауапты. 

Бұл мәселеге байланысты мынадай риуаят келтіріледі:

«Алла елшісі (ғалейһиссаләту уә сәлләм) «Бәни Муталлаб» тайпасынан болған бір ер адамның жаназасына қатысты. (Көмер кезде Әлиге): «Ей, Әли! Онымен бірге құбылаға бетте (яғни, мәйіттің денесін қабірдің құбыла жағынан ал немесе мағынасы: қабірді құбылаға қарата жатқыз). Сосын бәрің (яғни, мәйітті қоюшылар) «Бисмилләһи, уә алә милләти Расулилләһи» деп айтыңдар. Мәйіттің денесін (оң жақ) бүйірімен жатқызыңдар. Оны етпетінен жатқызбаңдар және шалқасынан жатқызбаңдар», - деді» - делінеді ол риуаятта[5]. 

Егер қабірді топырақпен жауып қойып, кейін мәйітті құбылаға қаратпағандарын аңғарса, онда қабірді ол үшін қайта ашудың қажеті жоқ. Ал топырақпен көмбей жатып аңғарса, мысалы, ішкі үйін (лахид) қыш кірпішпен қалап қойғанда байқаса, онда оны ашып, мәйітті құбылаға қарата оң жағымен жатқызып, кейін қайта лахидті жауып, артынан қабірді көмеді[6]..

Ендігі жерде, сұрақта айтылғандай мәйітті қабірге қойғанда басының төбесін құбылаға бағыттап жатқызу да, аяғын құбылаға беріп жатқызу да - қате. Мәйіт - құбылаға қарата, оң жақ қырымен жатқызылу керек.


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 2/355 бет.
[2] Бәдруддин әл-Айни: «әл-Бинәя фи шәрхиль Һидая».
[3] Имам Маусули: «әл-Ихтияр ли тәълилиль Мухтәр». 2/319 бет.
[4] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 3/141 бет.
[5] Имам Маусули: «әл-Ихтияр ли тәълилиль Мухтәр». 2/319 бет.
[6] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 3/141 бет.

Абдусамат Қасым