«Киіміме қашан нәжіс тигенін білмеймін, оқыған намаздарым санала ма?»
«Киіміме қашан нәжіс тигенін білмеймін, оқыған намаздарым санала ма?»
2 жыл бұрын 4413

Әссәләмуғаликум! Ақшам намазын оқыр алдын киімде нәжіс бар екенін байқадым. Бірақ қай кезде нәжіс тигенін білмеймін. Сұрайын дегенім: Ақшамнан алдын оқыған намаздарым дұрыс па, әлде қаза қылып оқуым керек пе? Ғалымов.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ереже бойынша, киімге нәжіс тигенін байқаған кісі, оның қашан былғанғанын білмесе, сол кезге дейін оқыған намаздары дұрыс, қайта қайталап оқымайды. Бұған қатысты Ханафи кітаптарында былай делінген: 

وَإِنْ وَجَدَ فِي ثَوْبِهِ نَجَاسَةً مُغَلَّظَةً أَكْثَرَ مِنْ قَدْرِ الدِّرْهَمِ وَلَمْ يَعْلَمْ بِالْإِصَابَةِ لَمْ يُعِدْ شَيْئًا بِالْإِجْمَاعِ وَهُوَ الْأَصَحُّ؛

«Егер киіміне дирһамның көлемінен көп мөлшерде ауыр нәжіс тигенін байқаса, бірақ қашан былғанғанын білмесе, ол соған дейін оқыған намаздарының қазасын өтемейді, мұнда ижма бар. Ең дұрысы осы»1.

(*Ижма – Ислам ғұламаларының бір мәселенің үкімі төңірегінде ортақ пікірге келулері.)

Ендеше, сіз де киіміңіздің қашан былғанғанын білмейтіндіктен, байқағанға дейінгі оқыған намаздарыңыз дұрыс болып есептелінеді, қазасын өтемейсіз. Алла қабыл етсін! Әлһәмдулилләһи Раббиль Аләмин.


1  «Жәуһәрәту ән-Нироһ», Китабут таһарат. 1\19; «әл-Фәтәуәль Һиндия», Китабус саләһ. Ситру ғаурат.

Абдусамат Қасым